Ауыл шаруашылығындағы инновациялық шешімдердің арқасында енді Қазақстанның климаттық жағдайларына бұрын-соңды бейім емес деп танылып келген жеміс-көкөністерді өсіруге мүмкіндік туды. Бұл бағытта нақты іске асырылған жобалар жеткілікті. Мысалы, шөлейтті Сыр өңірінде кәсіпкер Қармақшы ауданындағы ең ірі жылыжайда лимон өсірмек. Мұнда экзотикалық жемістің бірнеше түрі егіліп, сынақтан өткізілген.

ЕРБОЛ ЕШМҰРАТОВ, КӘСІПКЕР:

 - Осының өзі жәймен сырттан кіретін бізге көкөніс өнімдерін кішкене болса да өз жерімізден шыққан өніммен қамтамасыз етуге дайын отырмыз. Әрі қарай тағы да біздің жоспарымызда лимон егеміз ба деген ойымыз бар. Бір-екі түрін егіп бастап көрдік, болады екен. Біздің жерге жерсінеді екен. Оның да шамалы микроклиматын келтіру керек.

Сондай-ақ, Қазақстанда батат, яғни «тәтті картоп» өсіріледі. Бұл туралы Сеулде өткен өсімдік мәдениетіне арналған конференцияда айтылды. Корейлік биоғылым және биотехнологияны зерттеу институтының профессоры Квак Санг Судың айтуынша, бататты өсіру сынағы 2014 жылы еліміздің үш облысында басталған. Нәтижесі ғалымдардың күткенінен асып түскен. Қазақстанда Оңтүстік Кореяға қарағанда екі есе көп өнім жиналыпты.

КВАК САНГ СУ, КОРЕЯ БИОҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БИОТЕХНОЛОГИЯНЫ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Бүгінге дейінгі зерттеу жұмыстары корейліктердің қаржысымен жүргізілді. Бірақ, менің білуімше, Қазақстанның ұлттық биотехнология орталығы Азиялық банктен батат өсіру үшін қаржы алады. Біз Алматыдағы биология институтымен тығыз әріптестік қарым-қатынастамыз. Бір агрокомпания осы институтпен бірігіп, тәтті картопты үлкен аумаққа өсіруді жоспарлап отыр.

Ал семейлік ғалымдар бір түптен қызанақ пен картоп алды. Шәкәрім атындағы Мемлекеттік Университеттің аға оқытушысы Бақтығали Сәрсембаев пен 3-ші курс студенті Жансая Мұхаметқали бір жыл бойы жүргізген тәжірибе нәтижесінде гибридтік өнім алған. Аграрлық факультеттің жылыжайында қыс бойы өсірілген өскіндер будандастырылып, көктемде далаға егіліпті.

БАҚТЫҒАЛИ СӘРСЕМБАЕВ, ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Әрбір түптен 37 томат алдық, әрбіреуінің салмағы 120-140 грамм болды. Картоптың да мөлшері солай болды. Саяжайда, жылыжайда, шаруашылықтарда 2 түрлі өнім алуға болады деген ойдамыз.

Болашақта орамжапырақ пен шалғамды будандастыру арқылы тағы бір гибридтік өнім алу жоспарда бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер