Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының маңызды буыны –  сауда-экономикалық байланыстар. Биылғы 8 айда өзара тауар айналымы шамамен 34%-ға өсіп, 10 млрд АҚШ долларына жуықтаған. Алғашқы алты айдың өзінде қазақстандық экспорт 37% өсім көрсеткен. Тасымалданған тауар арасында: металл өнімдері, органикалық емес химия өнімдері мен темір рудасының үлесі басым. Ал импорт көлемі - 5 млрд доллардан сәл асқан. Көрші елден негізінен мұнай және мұнай өнімдері, бензин, болат, сондай-ақ темір прокаты әкелінген. Екіжақты тауар айналымының жартысына жуығы шекара маңындағы аймақтардың үлесіне тиеді. Қос тараптың экономикалық байланысын нығайтуда аймақаралық форумдардың атқарып отырған маңызы зор. Өткен аптада Челябіде өткен 14-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумы адами капиталды дамыту тақырыбына арналған. Білім мен ғылымдағы тың тәжірибелер де басты назарда болды.

ДМИТРИЙ ЖУРАВЛЁВ, АЙМАҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Соңғы 3 форум мүдделес екі елдің өмірін қамтумен қатар, ғаламдық тәртіпке байланысты мәселелерге де арналды. Өткен жолғы шара көлік-логистика бағытында өрбіді. Себебі, Қазақстан мен Ресей Жібек жолы жобасына белсенді түрде қатысуды көздейтіні баршаға аян. Ал биылғы форум бұдан да күрделі міндет жүктеп отыр. Өйткені қазіргі таңда экономика шынымен де білім экономикасына айналған. Қарапайым мысал, экономикаға жұмсалатын шығынның бестен төрт бөлігі ғылыми-техникалық зерттеулерге кетсе, өндірістің өзіне тек 1 бөлігі ғана жұмсалады екен.

Өткен жылы көршілес ел біздің экономикаға 1 миллиард доллар, ал Қазақстан Ресей экономикасына 700 миллион доллар құйған. Екі ел экономистері биыл жыл соңына дейін Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы 35-40 пайызға ұлғаяды деп болжап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер