Қазақстан сұйытылған газ экспортын еселеді. Мұнай және газ саласының маманы Иван Кудинов соңғы үш айда біздің елден Украинаға тасымалданып отырған сұйытылған газдың көлемі күрт көбейгенін айтады. Күз айының басынан бері Қазақстаннан тікелей және реэскпорттық тасымал 20 мың тоннаға жеткен.

ИВАН КУДИНОВ, UPECO АҚПАРАТТЫҚ ЖӘНЕ КЕҢЕС БЕРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Украинаның сұйытылған газға сұранысы өте жоғары болғандықтан, бұл тасымал екі жаққа да тиімді. Қазақстаннан біздің елге жеткізілетін пропан-бутанның ай сайынғы көлемі 20 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл өткен аймен салыстырғанда екі есеге артық.

АНДРЕЙ БЫЧКОВ, ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ СТАНЦИЯСЫ ЖЕЛІСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Украина жанар-жағармай мен сұйытылған газға қатты тәуелді ел болғандықтан біз үнемі импорттық каналдарды қарастыруға мәжбүрміз. Қазақстан – біз үшін тиімді тараптардың бірі.

Қазақстан Қытай нарығына да газ экспорттай бастады. Аспан асты еліне жылына 5 миллиард текше метр көгілдір отын жөнелтілмек. Ұлттық оператор экспорттық операциядан 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде кіріс таппақ. Шымкенттегі «Ақбұлақ» газ өлшеу станциясы арқылы көгілдір отынның алғашқы партиясы жіберілді. Газды шығыстағы нарыққа шығару жолы оңай болған жоқ. Ол үшін еліміздегі негізгі газ маршруттары әртараптандырылды. Түрікменнен бастау алып Өзбекстан арқылы өтетін «Орталық Азия-Қытай» трансұлттық газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры және ондаған компрессорлық станция іске қосылды. Осының арқасында өзімізден артылған газ Қытайға экспорттала бастады.

«Ақбұлақ» газ өлшеу станциясы батыс өңірлеріндегі кен орындарында өндірілген көгілдір отынды Қытай мен ішкі жүйеге бөліп беріп отырады. Қытай тарабы газды «Қорғас» бекеті арқылы қабылдап алмақ.

РУСТАМ КАМАЛХОДЖАЕВ, ЖҮЙЕЛІ ӨНДІРІСТІК БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - Қытай республикасына 3 нитка арқылы газ беруге мүмкіндігіміз бар. Қазір біз схемада 1 нитка арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Режим бойынша 700 мың куб сағатына беріп жатырмыз.

МҰХАТАЙ ШАҢБАТЫРОВ, «ИНТЕРГАЗ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз бірінші рет Егемендік алғалы өзімізден артылған газды Қытайға шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Бірінші кезде 5 миллиард деп отырмыз, болашақта тасымалды мүмкіндігінше көтереміз.

Көгілдір отынның Қытайға экспортталуы жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытып, Қазақстанның стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға негіз болмақ, дейді мамандар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер