Батыс Қазақстан облысында инвесторлардың қатысуымен жаңа индустриялық аймақ құрылады. Жалпы аумағы 300 гектарды қамтитын кешен құны – 14 миллиард теңге. Жобаға қажетті қаржының басым бөлігі өңірдегі ірі қазба байлығын игеруші компаниялар есебінен бөлінеді. Ал, инфрақұрылым тарту жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Аймақ «Орал» халықаралық әуежайына таяу маңда салынады. Мұнда негізінен машина жасау кәсіпорындары орналасады. Қазіргі уақытта «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» еуропалық инвесторлармен келіссөздерді бастап кетті. Индустриялды аймаққа инвестиция құюға Италия, Германия, Сингапур, Түркия және Ресей мемлекеттері мүдделілік танытып отыр. 

ЕРЖАН БАЛТАЕВ, «ОРАЛ» ӘКК АҚБАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Одан бөлек салық бойынша өзінің жеңілдіктері бар. Корпоративтік салық бойынша босатылады. Сондай-ақ жер және мүлік салығы бойынша босату мәселелері қарастырылған. Индустриялдық аймақтың ең жақсы жағы - мұнда барлық желілердің жүргізілгені, өндірісті бастауға дайын аумақ болғаннан кейін ол өте үлкен қызығушылық білдіріп жатыр.

Атырау облысындағы индустриялық жобалардың тізімі биыл төрт жаңа кәсіпорынмен толықты. Тағы біреуі жыл соңына дейін іске қосылады. Барлық бес жобаны іске асыруға 5 млрд теңге қарастырылған. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, жаңа өңдеуші және өндіруші кәсіпорындар келешекте Атырау облысын шикізат тәуелділігінен арылуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірде «жасыл» энергия технологиясы бойынша құны 140 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі қуаты 52 мВ-ға тең жел электр стансасының құрылысы басталды. Жобаға 12 млрд теңге бөлінген. Аймақта көгілдір отын ресурсы жеткілікті болғандықтан, өңір басшылығы газ электр стансасын салуды да жөн санап отыр.

НҰРЛАН НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Облыста 23 жоба қарастырылған. EXPO аясында көрсетілген инвесторлардың жобаларды облыста қалай қолдануға болады? Экономикалық, ғылыми аспектілерінен бөлек, EXPO көрмесі патриоттық сезімді оятуға әсерін берді. Бұл істер Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген.

Ал Байқоңырда ұшақ құрастыру зауыты мен тігін фабрикасы іске қосылмақ. Жұлдызды қалашық қазір индустрияландырудың жаңа кезеңін бастан өткеруде. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, Байқоңырды қарқынды дамушы моноқалаға айналдыру жоспары бар. Ол үшін жаңа өндіріс орындары ашылып, ғарыш айлағының инфрақұрылымдық әлеуеті кеңінен қолданылады. Қазір Қазақстан мен Ресей арасында «Бәйтерек» бірлескен жобасы жүзеге асырылып жатыр. «Сол арқылы Байқоңырға көрші мемлекеттің «Восточный» ғарыш айлағындағы жобалардың 60 пайызы беріледі», – деді облыс басшысы.

ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Байқоңыр бұрын моноқала болатын. Тек қана ғарыш айлағының жұмысына байланысты. Ал енді қазір жаңа өндірістер пайда болады. Ұшақ шығаратын зауыт салынады, гидроэлектр станциясын салатын зауыт пен тігін фабрикасы болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер