Қазақстан мен Түркияның кәсіпкер әйелдері өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты арттырмақ. Ыстамбұлда Түркия палаталар және биржалар одағы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдерінің қатысуымен алғаш рет бизнес-форум өтті. Нәзік жанды кәсіпкерлер екіжақты әріптестік қос елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасы үшін аса маңызды екендігін атап өтті.

РУХСАР ПЕКДЖАН, TOBB ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің іскер әйелдер кеңесі 1997 жылы құрылды. Қазіргі таңда еліміздің 81 провинциясында өкілдігіміз бар. Мақсатымыз – әйелдерге кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, бизнес жобаларын қолдау. Бұл бағыттағы іс-тәжірибемізді форум аясында қазақстандық әріптестерімізге де кеңінен таныстырдық. Білген-түйгенімізді бөлісуге әрқашан дайынбыз.

Жиында қазақстандық делегация еліміздегі әйелдердің белсенділігі жыл сайын артып отырғандығын атап өтті. Мысалы, өткен жылы Парламент мәжілісінде нәзік жандардың үлесі – 26, ал мемлекеттік қызметте 55 пайызға жеткен. Іскер әйелдер отандық бизнестің өркендеуіне де аянбай тер төгіп келеді. Атап айтқанда, елдегі жеке кәсіпкерлердің 47 пайызы әйелдер екен.

БАҒИЛА БИСЕМБАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Қазақстанның іскер әйелдер кеңесі Түркиялық кеңестің негізінде құрылды. Сондықтан біз өзара тәжірибе алмасу үшін арнайы бизнес мақсатпен келдік. Яғни бұл бағытта түрік әріптестеріміздің жүріп өткен жолы, қазіргі тыныс-тіршілігі бізді ерекше қызықтырып отыр. Бүгінгі басқосуда Түркияның әр аймағынан 30-ға жуық іскер әйелдер өз кәсіптерін қалай ашып, қалай дөңгелетіп отырғанын және Қазақстанмен ынтымақтастық құруға ниетті екендіктерін баяндап берді. Бұл жиын біз үшін өте пайдалы өтті деп айта аламын.

Жиында іскер топ өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, кәсіпкерлерге жасалған жеңілдіктер жайында мол мағлұмат берілді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер