Қазақстанның географиялық орналасуы «Азия – Еуропа» бағыты бойынша жүк тасымалдауда қолайлы жағдай тудырады. Осы мақсатта көлік-логистика кешенін дамыту, халықаралық дәліздердің жаңа сәулетін қалыптастыру – басым бағыт. Транзиттік тасымалдан түскен кіріс былтыр 267 млрд теңгені құрады. Boston Consulting Group сарапшылары 2020 жылы транзиттік тасымалдың өсімінен еліміздің ІЖӨ-іне 5,2 млрд АҚШ доллары мөлшерінде табыс кіреді деп болжайды. Бұл «әлемнің логистикалық картасында» Қазақстанның алар орны маңызды екенін көрсетеді. Сол себепті еліміздің транзиттік мүмкіндіктеріне қызығушылық зор. Мысалы, Латвия теміржол, автомобиль және кеме тасымалы саласында ынтымақтастықты тереңдетіп, Жаңа Жібек жолының қатысушысы атануға ниетті.

АНСИС ЗЕЛТИНЬШ, РИГА ЕРКІН КЕМЕЖАЙЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Ригалық еркін кемежай Қазақстанмен ұзақ уақыттан бері қарым-қатынас орнатқан. Қазақстандық тауарлардың ішінде, астық, мақта секілді басқа да өнім түрлері бар. Бірақ, біз Шығыс-Батыс бағытындағы Жаңа жібек жолына талпынып келеміз.

Қазан айының ортасында Қазақстан арқылы Ресейге, Латвиядан Роттердамға қытай тауары тиелген алғашқы контейнерлік пойыз жетті. Болашақта бұл бағыт бойынша тасымал ісі жиілене түспек. Қазір Латвия мен Қазақстан жаңа транзиттік ағынды қамтамасыз ету үшін Қорғас кемежайында логистикалық орталықты дамыту бағытында ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр.

ЭДВИНC БЕРЗИНЬШ, ЛАТВИЯ ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қорғас – әртүрлі бағытта жеткізуге болатын контейнерлік жүктердің орталығы. Және ол бағытқа – Латвия мен Риганы және Скандинавияны жатқызуға болады. Келіскеніміздей, жүктің Латвия арқылы өтуі, Қорғастағы логистикалық орталықта тауардың дұрыс бөлінуі - маңызды рөл атқарады.

Осы жылдың соңына дейін Латвияның техникалық жұмыс тобы Қорғаста болып, жаңа жүк тасымалын тарту және өңдеу сұрақтарымен айналысады. Ал біздің делегация кемежайдың, теміржол құрылымының мүмкіндіктерімен танысады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер