Өткен 9 айда өнеркәсіптік өндірістің көлемі 6,5 триллион теңгеге жетті. Машина жасау саласындағы өсім жақсы. Жыл басынан бері көршілес Қытай, Тәжікстан мен Ресейге біздің елден мыңға жуық көлік экспортталған. Қазақстандықтар тарапынан да сұраныс жоғары. Қазір отандық автозауыттар тұтынушының таңдауына көліктің алуан түрлі моделін ұсынатын қауқары бар. Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бес жылдығының нәтижесі осындай.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Кейбір тауарлық позициялар бойынша жаңа өткізу нарықтары ашылды. Алғаш рет осы жылы «Азия Авто»-ның жеңіл көліктері Қытайға экспорттала бастады. Ал «СарыарқаАвтоөнеркәсібі» өз өнімдерін Тәжікстанға жөнелтті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына арналған теxника да Ресейге экспортталуда. Барлығы 94 бірлік техника сатылды. Жыл сайын 380-нен аса экспорттаушы кәсіпорындарға қаржылық және сервистік қолдау көрсетіп отырмыз.

Отандық өңдеуші өнеркәсіптің өнімдері бүгінде 115 елге экспортталады. Осылайша, биылғы 8 айдың қорытындысында саладағы табыс 9,9 миллиард долларға жетті. Агроxимия секторында  – 72, мұнай өңдеуде – 67 және қара металлургияда 61 пайыз өсім байқалған. Өңдеуші өнеркәсіптерді дамыту үшін саланы цифрландыру ісі де қолға алынған. Мысалы, Көкшетау алтын кен орнында ғаламтор арқылы онлайн-режимде карьерлерді бақылау жүйесі іске қосылған. Бұл жүйелер еңбек өнімділігін 25%-ға арттыруға мүмкіндік берген екен.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Мәселен, Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту кешендеріндегі карерлерде жоғары дәлдікті автоматтандырылған басқару жүйесі жұмыс істейді. Нәтижесінде, жұмысты цифрландырудың арқасында бір қызметкердің ең жоғары еңбек өнімділігі 308 мың долларға жетті. Бұл көрсеткіш ел бойынша басқа балама өндірістерге қарағанда 8 есе жоғары.

Индустрияландыру бағдарламасының екінші бес жылдығында жаңа өндірістер іске қосу арқылы 101 мың тұрақты жұмыс орындары құрылған. Ал жыл соңына дейін шамамен тағы 10 мың жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Қазір елде 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустрияландыру аумағы жұмыс істейді. Олар құрылған сәттен бастап 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылған екен. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер