Ғылыми және жоғары технологиялық өндіріс құру – Қазақстан экономикасының дамуындағы басым міндеттердің бірі. Осы ретте кәсіпорындарды модернизациялаудың орны бөлек. Қайта жабдықталып, жаңғыртудан өткен өндірістер артық шығынды азайтып қана қоймай, қоршаған ортаға кері әсерді төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға және өнімнің сапасын жақсартуға жол ашады. Осыны қаперге алған Ақтөбе облысы 20 ірі кәсіпорынды жаңғыртуға 12 млрд теңге бағыттамақ. Мысалы, жергілікті ферроқорытпа зауытында өндіріс қалдығын қайта өңдейтін арнайы алаң іске қосылады. Жоба құны 1 млрд теңгеден асады. Жаңа нысанда жылына 80 мың тонна шикізат өңделеді. Қазір ферроқорытпа зауыты аумағында 2 ірі цех бар. Бірі өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған ескі зауыт. Екіншісі – инновациялық технологиямен жабдықталған, толықтай автоматтандырылған жаңа зауыт. Енді, өңделген өнімнің қалдығы да кәдеге жарайтын болды.

ҚАЙРАТ БЕКЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Болашақта, 5 жылдың ішінде біздің облысымызда 500 млрд теңге инвестиция тартылады. Ең негізгісі, біз әрбір индикаторды талдап жатырмыз. Біздің өңірге қандай тиімділігі болады, экономикалық жағынан, экология жағынан, басқа да индикаторлар жағынан талдау жүргізіп іс-жоспар бекіттік.

Қаржының бір бөлігі энергиямен қамтушы мекеменің қондырғыларын жаңартуға жұмсалады. Мына қуат бекеті 27 мың пәтер мен мың жарым әлеуметтік нысанды электр қуатымен қамтамасыз етеді.

МАРАТ АРМАНҒАЛИЕВ, КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

 - Оның беретін айырмашылығы – қай уақытта сөнгенін, қандай қуат алып тұрғанын, қайда сөнді, ақау қайда болды, қандай қашықтықта болды соның бәрін көріп отырады. Ажыратып қосылатындар бұрын ішінде маймен еді, майы ағады, кетіп қалады. Қазіргіде газ, қосу, сөндіру тез. Бұрынғы кезде механикалық іс көп болды. Қала өсті, халықтың тұрмыс-жағдайы өсті, халықтың пайдаланатын қуаты да өсіп жатыр.

Жалпы, елімізде электр жабдықтары мен құралдарының өндірісі артқан. Energyprom сараптау агенттігінің мәліметіне жүгінсек, бір жылда 85 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Елімізде тұрмыстық техникалар шығарылмағанымен, оған қажет бұйымдар өндірісі жылдан жылға дамып келеді. Сондай ірі зауыттың бірі Алматыда орналасқан. Бұл кәсіпорын отандық нарықта 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Негізінен электр энергиясын өлшейтін құрылғылар, электр желісіне қажет бұйымдардың 10-нан аса түрін шығарады.

ЕРЛАН ШӘЙМЕРДЕНОВ, ЦЕХ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жұмысшыларға бүкіл жағдай жасалған. Жаңа станоктар алынады. Орындарын жақсартамыз. Қазірде міне светодиодтық светельниктен біз жаңаша құйып жатырмыз.

Зауыт өздерінің кешенді бағдарламасын әзірлеген. Жоғары технологияға негізделген жүйе коммуналдық шаруашылық нысандары, мекемелер мен кәсіпорындардың есептегіш құралдарынан пайдаланған электр энергиясы туралы мәлімет жинайды. Ол сарапталып, пайдаланған энергияның тиімділігі жөнінде ақпарат береді. Қазір бұл жүйе Қазақстанның барлық ірі қалаларын қамтиды. Ал құрылғылардың біраз бөлігі алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

МЕДЕТ НҰРМАҒАНБЕТОВ, ЖИНАҚТАУ ЦЕХЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазіргі таңда біздің шығаратын өніміміздің санына келетін болсақ, айына біз 10-15 мыңға дейін электр қуатын есептегіш құралдарын шығарамыз. Алда бұл сан өзгереді. Келесі жылы жаңа заводты салуға жоспарлап отырмыз. Жаңа завод салған жағдайда біздің өндірісіміз одан аса үлкейеді.

Кәсіпорын басшылары болашақта кәсіпорынның өнімділігін арттыруды көздеп отыр. Мәселен, 2018 жылы кешенді қайта жаңғырту, «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында зауыттың жаңа ғимаратын салу жоспарланған. Зауыт енді газ өлшейтін құрылғылар мен көшелерді жарықтандыруға арналған диодты шамдар шығаруды да қолға алмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер