Қазақстан өңірлері шет мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынасын тереңдетуде. Мысалы, Қызылорда облысы мен Иран Ислам Республикасының бірқатар аймақтары да саудасын қыздыра түспек. Әсіресе, ауылшаруашылық саласында бірнеше жоба бірлесе жүзеге асырылады. 80 миллион тұрғыны бар Иран импорттайтын қой етінің бір бөлігін Сыр өңірінен сатып алуға дайын. Бұл ретте Қызылорда облысынан біріккен кәсіпорын салынады. 

МҰХАММЕД МЕРИ, ЕТ КОМБИНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ /ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ/:

 - Біз Қызылорда облысынан құны 7 млн. евро болатын ет комбинатын бірлесіп салатын боламыз.  Бұл жоба келесі айда басталу керек.

Биыл Қызылорда облысы Иранға 10 мың бас қозы экспорттауды бастады. Ал біріккен кәсіпорын іске қосылғаннан кейін ирандықтар Сыр өңірінен тірі малды емес, ет күйінде сатып алатын болады. Аймақаралық бизнес форумда айтулы бастамалар аясындағы меморандумдарға қол қойылды. 

ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Иран тарапы жеміс-жидектерімен біздің облысты сосын Қазақстанның аймақтарын қамтамасыз етуге мүдделі екенін мәлімдеді. Соның аясында сауда-логистикалық орталықтардың жұмысын ұйымдастыру туралы келісімге келдік. Мен қазір айтар едім, осы келіссөздердің аясында 18 жобаға келісімге келдік, оның 8-не қол қойылды.

Иран елі жылына 3 миллион тонна ақ күрішті сырттан сатып алады. Соның 1 миллион тоннасын қызылордалық диқандардың дайындап беруге мүмкіндігі бар.  

НҰРЛАН ІЗДІБАЕВ, КӘСІПКЕР /ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ/:

 - Осы Иран мемлекетінде Гүлістан, Мазандаран облыстарымен 3 келісімшартқа отырып, қараша, желтоқсан айларында сол күрішті ақтап, осы мемлекетке экспорттаймыз деп жоспарлануда. Келешекте 2 мың гектарға дейін осы күрішті егеміз деген жоспар бар.

Қызылордалық делегация Гүлістан және Мазандаран провинцияларының индустриалды аймақтарындағы бірқатар өндіріс орындарын да аралап көрді. Соның бірі - бекіре балығын көбейтіп, өңдеуге арналған кәсіпорын.

ШЕНКЕРМАН АВИОРИ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ /ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ/:

 - Қызылорда облысының аумағындағы Арал теңізінің маңында бекіре өсіру және өңдеуді бірлесіп жүзеге асыруға болады. Қызылорда облысының әкімі инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, қолдау болатынын айтты. Нақты келісімге келсек, балық шаруашылығын дамыту тұрғысында Арал маңынан біріккен кәсіпорынның іргесі қалануы мүмкін.

Қазақстан, Түркіменстан және Иранның бірігіп салған темір жолы тауар айналымдарының еселеп артуына мүмкіндік туғызды. Ең басытысы, осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға кәсіпкерлердің құлшынысы жоғары. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер