Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық қарым-қатынасы одан әрі нығая бермек. Стратегиялық серіктестер енді экспорт пен импорт көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта Ташкентте өткен бизнес форумда екі елдің кәсіпкерлері бірлескен кәсіпорын ашу жөніндегі бірқатар уағдаластыққа қол қойды. Металлургия, машина жасау, химия, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп негізгі қозғаушы күш болмақ. Көршімізге біз арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге жол ашылады. Тиісінше Ташкент Орталық Азияға транзит болып табылады.

ЕРІК ӨТЕМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бүгінгі таңда Қазақстанның жетістіктері инвеститциялық және қаржы институттары өте жақсы дамыған. Өзбекстан біздің осы моделімізге өте қызығып отыр. Қай бағытта жұмыс жасау керек, сол үшін біз үлкен жоба жасап жатырмыз. Сол жобада машина және агро индустрия кластерін жасау бағыты қаралып отыр.

Екі ел арасындағы байланыс негізінде бүгінде Өзбекстанда 206 қазақстандық инвестор еңбек етуде. Алдағы мақсат бірлескен кәсіпорын құру арқылы мақта кластерін дамыту болып отыр. Осы мақсатта екі елдің аумағындағы Еркін экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері таныстырылды. Инвесторға қос мемлекет тарапынан жеңілдік болады. Оған қоса нарық көкжиегі кеңейеді. Тиісінше кедендік кедергілер де біршама азайған.

АСҚАР АРЫНОВ, «ҚАЗАҚИНВЕСТ» ҰК БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық көлемі мен инвестициялық салымдар ұлғайып келеді. Өйткені бұл екі елдің кәсіпкерлеріне де тиімді. Осындай жұмыстардың арқасында біз қос мемлекеттің арасындағы тауар айналымын 5 миллион долларға жеткізуді көздеп отырмыз.

Кәсіпкерлер форум қорытындысы бойынша жалпы құны 18 миллион доллар болатын экспорттық келісімшарттарға қол қойды.

ЭЛЬДАР БЕКМҰРАТОВ, ЗАУЫТТЫҢ ЭКСПОРТ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Келісімшарт 6 миллион доллар. Бұл келісім шарт 2018-19-20 жылдары орындалады. Бұл жерде Шыршық трансформатор зауыты бізден өнім алады. Орта жоғары кернеулі трансформаторлар.Узэлектро,Ташэлектро аппарат сияқты компаниялар бізден трансформатор алады. Көп уақыттан бері келісіп жүрміз, бүгін келісім шартқа қол қойдық.                                                

Екі елге ортақ мақта шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында да арнайы жоба әзірлеп жатыр екен. Соның негізінде кооперациялық кластер құрылып ақ алтынды егуден бастап терең өңдеу қолға алынбақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер