Транскаспий көлік дәлізін құруда Ақтаудағы Құрық портының маңызы зор. Бүгінде ол Кавказ, Еуропа мен Қытайдың арасын қосатын үлкен трансконтиненталдық тасымалдау айлағына айналды. Жақында порттан алғашқы миллион тонна жүк жөнелтілді. 46 вагон мұнай өнімдері мен Қытайдан келе жатқан 4 вагон халық тұтынатын тауар алып кемеге тиеліп, Баку портына жол тартты. Бұл өнімдер Әзербайжан арқылы Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Бұл жеңіс Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының үлкен жеңісі. Неге десеңіздер Құрық порты Елбасы айтқандай бүкіл Кавказ, Европа мен Қытайдың арасын қосатын үлкен трансконтиненталдық маңызы бар тасымалдау портына айналды. Бұл жәй ғана жүк тасымалы емес. Мемлекетаралық қатынасты нығайтуға тікелей әсерін тигізіп жатыр.

Порттағы темір жол паромдық кешені жылына 4 млн тонна жүкті қабылдауға қауқарлы. Осы паром арқылы биыл 210 кемеге жүк артылған. Оның басым бөлігі өз өнімдеріміз.

ТАЛҒАТ ОСПАНОВ, ҚҰРЫҚ ПОРТЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз экспортқа астық өнімдерін жібереміз, мұнай өнімдерін, астық, көмір кетті жақында. Бізде негізі экспорттық - ол отандық өнімдер. Осы Құрық порты арқылы Қытай, Өзбекстан, Қырғызстаннан экспортқа жөнелтіледі.

Биыл Құрық порты құрылысының екінші кезеңі аяқталады. Қазір құрылыста 400 жергілікті тұрғын еңбек етуде. Ал порттың өзінде 100-ге жуық маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұған дейін Ақтау теңіз порты арқылы тасымалданып келген жүк көліктері келер жылдан бастап осы Құрық порты арқылы жөнелтілмек. Мұнда жылына 2 млн тонна жүкті қабылдап, өткізе алатын жаңа автомобиль айлағы салынып жатыр. Құрылысы толық аяқталған соң Құрық порты жылына 6 млн тонна жүкті өткізетін болады. Әзірге тек Әзербайжан порттарымен әріптестік орнатқан Құрық теңіз айлағының басшылары алдағы уақытта өзге порттармен де байланысты арттыруды көздеп отыр. Келер жылы Иран мен Түрікменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер