Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Алматы облысына келген сербиялық инвесторлар осылай дейді. Олар негізінен құрылыс саласында жұмыс істегілері келеді. Аталған елдегі ең ірі құрылыс компаниясының басшысы Божо Янкович Қазақстанда бірқатар жобаларды жүзеге асыруға атсалысқанын және оның өздері үшін де экономикалық тұрғыдан өте тиімді болғанын айтты. Инвестор мектеп, аурухана, студенттік жатақханалар мен қонақ үйлерді тұрғызуға дайын. «Алматы облысында модульді жүйемен құрылыс салған жақсы. Ол сейсмологиялық жағынан өте қауіпсіз болады»,- дейді.     

ЗОРАН РАЦИЧ, КОМПАНИЯНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанымызға үш жыл болды. Модульді әдіс бойынша құрылыс нысандарын салудың артықшылығы өте көп. Онда сеймологиялық және өрт қауіпсіздігі қатаң сақталады. Ал құрылыс қысқа мерзімде аяқталады. Мәселен, дәстүрлі технология бойынша 40 айда салынатын нысанды біз 3 айдың ішінде аяқтап, кілтін тапсыра аламыз. Қазақстанда жұмыс істеуге әзірміз.

Ал Қызылорда облысында шетелдік инвесторлардың қатысуымен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа кәсіпорынның іргетасы қаланды. Енді Қызылорда облысының Шиелі ауданында тампонажды цемент өндірілетін болады. Қазақ-Қытай бірлескен кәсіпорны жылына 1 миллион тонна өнім шығармақ.

ЛИ ЦЗИНЬЦИН, КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

 - Шикізат қоры мен жаңа технологиялардың мүмкіндігі баға мен сапаға тікелей әсер ететін болады. Өнімге қажетті шикізаттың 98% өңірден табылады. Бұл құм, доломит, әк тасы және қиыршық тас. Тек 1-2% қоспаларды сырттан әкелетін боламыз. 

Құрылыс барысында бұл жерде 400 адам жұмыс істейді. Ал зауыт іске қосылғаннан кейін 260 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мамандар таяу жылдары өңір өндірісін өрге бастыратын мұнан өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер