Астана электр-техникалық зауыты - биылдан бастап өнімінің 30 пайызын экспортқа жөнелтуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын тауарына Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей сияқты елдер сұраныс білдірген. Тағы бірнеше мемлекетпен бірлескен жобалары бар.

АСЫЛХАН МАНАТОВ, ЗАУЫТТЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізге тапсырыс негізінен құрылыс компаниялары мен электр тасымалдаушы мекемелерден түседі. Отандық өнімге осылай қолдау білдірудің өзі  үлкен демеу. Өз жеріміз бен сырт елдерде өтетін көрмелерге, іс шараларға үнемі қатысамыз. Қазақстанда жасалған өнім түрлері бәсекеге қабілетті деп толық сеніммен айтуға болады. Оған дәлел зауыттың экспорттық әлеуетінің артуы дер едім.

Өндірісте 130 адам еңбек етеді. Бір трансформаторлық қосалқы станцияны жасауға шамамен 10 күн кетеді. Одан бөлек, мұнда жоғары вольтты ұяшықтар, үлестіргіш қалқан және соларға арналған бөлшектер жасалады.

СӘКЕН ШЫНТАСОВ, «АТАМЕКЕН» ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Өндірістің толық кезеңі: мәселен «Карметті» алатын болсақ, олар кен өндіреді, оны болатқа айналдырады. Сол болат бөлшектер осында жеткізіледі. Содан кейін барып олардан трансформаторлық қосалқы станциялар жасалады. Яғни басынан бастап, аяғына дейін елімізде жасалады. Соның арқасында жұмыс орындары көбейіп, экономика да өсуде. Соңғы 3 жылда өндіріс саласында айтарлықтай өсім бар деп айта аламын.

Зауыт ашылған сәттен-ақ әлеуеті зор болатын. 5 жыл ішінде кәсіпорын табысы 2 млрд теңгені құрап, 10 есеге өскен. Алдағы уақытта экспорт кеңістігі кеңейеді. Өйткені зауыт Түркия, Оңтүстік Корея елдерімен бірігіп жаңа өнім шығармақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер