Инвестиция экономиканы әлдендіреді. Ақтөбеде осымен бесінші рет халықаралық инвестициялық форум өтті. Әлемнің 20 елінен арнайы делегация келіп облыстың экономикалық әлеуетімен танысты. Жобалардың көбі ауыл шаруашылығы, медицина және өнеркәсіп саласында іске асырылмақ.

Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер Алға ауданындағы «Ақтеп» комбинатын көрді. Мұнда өңделген еттің 40-тан астам түрі бар. Комбинатты салуға және толықтай жабдықтауға 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Форум қатысушылары барған тағы бір нысан – күніне 5 мың қалбыр ет өнімдерін шығаратын ірі цех. Мұнда жылқы, сиыр және қой еті қосылған ботқа түрлері де дайындалады. Шикізат облыстағы шаруа қожалықтарынан алады.

АЙГҮЛ ӘБДІРАМАНОВА, ЦЕХ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Осы жерде сойылады, зертханадан өткізіледі, 325 грамм қылып консервіге саламыз. Өзіміз әрін дайындап, ешқандай қоспа салынбайды ішіне.

Биылғы форумының ерекшелігі – әр салада шеберлік сағаттары өтті. Елге танымал кәсіпкерлер өз тәжірбиелерімен бөлісіп, табыс сыры туралы әңгімеледі. Жалпы, өңірдің өндірістік әлеуеті артып келеді. Қазақстанның индустрияландыру картасына жалпы құны 700 млрд теңге болатын 100-ге жуық жоба енгізілді. Үдемелі индустиялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығында 72 жоба іске асырылды. Тағы индустриалық аймақта серіктестер үшін біраз жеңілдік қарастырылған. Бүгінде индустриялық аймақтың 50 пайызы игеріліп, құны 85 млрд теңге болатын 13 жоба нақты бекітілді. Оның екеуі іске қосылса, қалғандарының құрылысы жүріп жатыр.

МҰХАММЕД ӘЛ-ТАННИР, КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ /БАӘ/:

 - Біздің компания Қазақстан нарығымен алғаш рет танысып отыр. Жалпы, екі елдің мұнай-газ саласында әріптестік орнаған. Бүгін көптеген кәсіпорындармен таныстым. Мұның бәрін директорлар кеңесінде талқылайтын боламыз. Инвестициялық әлеует зор,  сондықтан, әріптестікке дайынбыз.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Бұл форум әруақытты өз нәтижесін береді. Мынау, қазір жұмыс жасап жатқан рельс зауыты, Қазхром зауыты сол кездердегі форум аясында қол қойылған меморандумдардың нәтижесі. Біздің енді ең негізгі мақсатымыз - осы форум арқылы біздің кәсіпкерлерді шетелдің және өз еліміздің кәсіпкерлерімен таныстырып, өңірдің экономикасына қосымша қаржы тарту.

Ақтөбемен әлдеқашан әріптестік орнатқан көршілес Орынбор облысында Қазақстанмен бірлескен 85 кәсіпорын жұмыс жасап тұр. Орынборлық компаниялар бізден хром рудаларын алса, ақтөбелік зауыттар Ресейден түрлі шикізат тасымалдайды.

ЮРИЙ БЕРГ, РФ ОРЫНБОР ОБЛЫСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

 - Мысалы рельс-арқаулығы зауытын тиімді жоба дер едім. Зауыт кешені Новоторицк қаласындағы  металлургия комбинаты мен «Металл инвест» компаниясынан болат шикізатын алады. Әріптестерімізге сапалы шикізат жіберіп отырмыз.

Форум соңында әріптестік байланыс жөніндегі 11 меморандумға қол қойылды. Инвестициялық жобалардың жалпы құны 209 млрд теңгені құрайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер