Қытай инвесторлары Қазақстанның ауылшаруашылық саласына қаржы құюға мүдделі. Елордаға аспан асты елінен арнайы сапармен келген іскерлік топ бұл ниеттерін агроөнеркәсіп кешеннің мәселелері талқыланған бірлескен форумда білдірді. Басқосуда сөзден іске көшкен тараптар осы мақсатта келісімге келіп, меморандумға қол қойды. Құжат жер емген жергілікті ауыл еңбеккерлерінің жұмысына қан жүгіртуді көздейді. Еліміздің астықты өңірлеріне сырттан қаржы тарту ісі алдағы егістік науқанынан бастап жүзеге асырылмақ. Алғашқы инвестиция көлемі 200 млн доларды құрайтын болады.  Бұл қаржы дәнді-дақылдарды өсіріп-жинау, өнімді заманауи технологиялардың көмегімен қайта өңдеу мен агротехникаға қызмет көрсетуге жұмсалмақ.

КЕМЕЛХАН ӘБІЛЕКОВ, «ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ АЗЫҚ-ТҮЛІК ИНДУСТРИЯСЫ КӘСІПКЕРЛЕРІ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - 200 млн-дай инвестиция - бұл біздің бірінші қадамымыз ғана  деп есептейміз. Қазіргі күні Қытай мемлекетінің тұтынушылары Қазақстанның өніміне, органикалық таза өнім тұтынуға үлкен қызығушылық білдіруде.  Біздің өніміміз Қытай нарығында үлкен сұраныста. Соған байланысты біздің тартқан инвестициямызға өндірілген өнім қытайлар жағынан толық сатылып алынады.

Келесі кезекте құйылатын инвестиция маман даярлау, лизинг және зерттеу орталықтары мен майлы дақылдарды терең өңдеуге мүмкіндік беретін зауыттар салу үшін бағытталмақ.

ВАН ЖУЙЮАНЬ, АСТЫҚ ЖӘНЕ МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ /ҚЫТАЙ/:

 - Біздің техникамен жұмыс істеу үшін білім мен тәжірибе керек. Онсыз жұмыс өнбейді. Сондықтан, бірінші кезекте шаруаларды өзіміз оқытамыз. Ауыл шаруашылық техникаларын меңгертумен қатар, зауыттарда жаңа технологияны үйретеміз. Сонда ғана олар еш қиындықсыз еңбек етеді.

Әзірге кешенді жобаның нақты жүзеге асатын уақыты мен жалпы құны белгісіз. Тараптар бекітілген келісімнің екі жаққа да тиімді әрі өміршең болатынына сенімді. Қанатқақты бастаманың шарапатын Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Алматы өлкелерінің шарауалары көретін болады.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер