Жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген сұраныс азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында тұр. Сондықтан саланың әлеуеті зор деуге негіз бар. Басты мақсат – басым бөлігі импорт есебінен жабылып отырған ішкі сұранысты қанағаттандыру, одан ары «Made in Kazakhstan» брендін халықаралық деңгейде дамыту. Елімізде сапасы жөнінен шетелдік үлгілерінен еш кем түспейтін өнім өндіруші кәсіпорындар жоқ емес. Біразы қазірдің өзінде сыртқы нарықты бағындырған. Мысалы, Тараздағы былғары аяқ киім фабрикасы өткен жылы 135 мың дана аяқ-киім шығарған. Биыл өнім көлемі 9 айда 125 мыңға жетіп отыр. Қазір негізінен жұмысқа, әскер мен күш құрылымдарына арналған аяқ киімдер тігіліп жатыр. Жыл соңына дейін 160 мың данасын шығару жоспарланып отыр.

ШАРА ҚОСПАНОВА, ТІГІН ЦЕХЫНЫҢ ШЕБЕРІ:

 - Қазіргі кезде біз Миноборонаға тігіп жатырмыз. Әскери аяқ киім. Бізге бұлар тапсырыспен келеді. Күніне біз мыңға дейін істейміз. Барлығы бізде таза былғарыдан. Таза табиғи өнім.

Өндіріске қажетті шикізаттың 85 пайызы –  отандық өнім. Қалғаны көрші елдерден алынады. Негізгі материал былғары. Оны кәсіпорын халықтан қабылданған мал терісінен өздері өңдеп дайындайды. 

МҰХТАР ШАЮНУСОВ, АЯҚ-КИІМ ФАБРИКАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бізде өзге елдерге экспорттауға келісім бар. Бастапқыда Ресей мен Қырғыз еліне жібермекпіз. Бұл жоспарымызды 4-ші тоқсанда жүзеге асырамыз деп отырмыз. Кәсіпорынның артықшылығы, бізде шикізаттан дайын өнімге дейін шығарылады.

Қазір кәсіпорын тек ерлерге арналған аяқ киім түрлерін жасап жатыр. Жуырда әйелдер мен балалар аяқ-киімін шығаруды қолға алмақ.

Ал Оралда еуропалық технология көмегімен 25 мың жұп ерлер аяқ киімін тігуге қауқарлы фабрика жұмысын бастады. Бұл – бастапқы меже. Алдағы кезде әйелдер мен балалар аяқ киімін шығару да жоспарда бар. Сәйкесінше, өнеркәсіп кәсіпорнының өндірістік қуаты да арта түспек. Барлық өндірістік желілер толықтай автоматтандырылған.

ДЖЕМАЛЕТТИН ГҮЛЕР, ӨНДІРІСТІК ЦЕХ ШЕБЕРІ:

 - Біз бұл жерде әріптестерімізге аяқ киім тігу фабрикасының жұмысын жолға қоюға көмектесіп жатырмыз. Қазірдің өзінде  60 адамды жұмысқа алдық. Түркиядан келген шеберлер оларға осы істің қыр-сырын үйретеді. Жоспар бойынша айына 25 мың жұп аяқ киім тігуді көздейміз.    

Аяқ киім фабрикасы тері өңдейтін жаңа зауыттың жанынан іске қосылып отыр. Кәсіпорынның жобалық қуаты ауысымына 2 жарым мың қой және 750 бұқа терісін өңдеуге есептелген. Өндірістік желілер Италиядан сатып алынған. Қазір шикізатты бастапқы өңдеу шаралары жүзеге асырылып жатыр. Болашақта өндірістік кезең толық іске қосылған кезде жіңішке теріден балалар мен әйелдер аяқ киімі тігіледі. Өндірістік кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, дайын өнімнің бағасы арзан болмақ.

ГАУХАР ҒАЗИЗОВА, ТЕРІ ӨҢДЕУ КӘСІПОРНЫНЫҢ БУХГАЛТЕРІ:

 - Бастапқыда бірінші олардың терісімен аламыз, олардың өнімдерімен, шикізаттарымен аяқ киім тігіп шығарамыз. Содан кейін өзіміздің теріні аламыз да қараймыз, сапасы жағынан бір-біріне сәйкес келе ме келмей ме? Біз жергілікті теріні алып жатырмыз, жұмыс жасап жатырмыз. 

Аталған кәсіпорын аймақтық «Индустрияландыру картасына» енген 6 жаңа инвестициялық жобаның бірі саналады. Жаңа жобалардың іске қосылуымен бірге өңірде қосымша 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер