Батысқазақстандық шаруашылықтар экспортқа шығарылатын ет пен ет өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүдделі. Өңірде жаңа сойылған мал етін қайта өңдеумен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар. Еуропалық технология жетістігін өндіріске енгізген бұл кешен де солардың бірі. Жылына 10 мың тонна өнімді қайта өңдей алатын кәсіпорын ауысымына 700 қой мен 250 бас ірі қара қабылдауға қауқарлы. Барлық өндірістік желілер заманауи желдеткіш және мұздатқыш жүйелерімен қамтылған.    

РАХЫМ НАҒМЕТОВ, КЕШЕННІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Кешенде мал союға арналған орындар, етті бөлшектеп, қалыптарға салатын цехтар бар. Орташа температураны сақтайтын 12 камера жұмыс істейді. Сонымен қатар, еттің құрамындағы барлық пайдалы заттардың бұзылмай сақталуына мүмкіндік беретін арнайы мұздатқыштармен қамтылған.

Комбинат вакуумды қаптамаларға салынған және тоңазытылған етті экспорттауға бағдарланған. Қазірдің өзінде ресейлік бірнеше кәсіпорынмен келісімшарт жасалды. Ал, дайын өнімнің алғашқы легі Иран мемлекетіне жөнелтілді. Шикізат жергілікті шаруашылықтардан жеткізіледі.

НАСЫР КӘРІМ, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Ветеринарлық бақылау қызметінің өкілі ретінде маған осы батысқазақстандық комбинаттардағы ет сапасын қадағалау міндеті жүктелген. Бұл кешен барлық халықаралық талаптарды бұлжытпай орындап отыр. Еттің сапасы да өте жоғары. Бұл жолы біз 20 тоннаға тарта мұздатылған етті елімізге алып кетеміз. Жалпы, 10 мың тонна дайын өнім алатынымыз жөнінде келісімшарт жасастық.

Жыл соңына дейін ішкі нарыққа 2 мың тоннадай сиыр етін шығару жоспарда. Шет мемлекеттер нарығына шығарылған қой етінің жалпы көлемі 200 тоннадан асқан.

Ал Шығыс Қазақстанда ашылған бекіре фермасы өнімін Еуропа елдеріне экспорттауды мақсат тұтып отыр. Шабақтардың қысқа мерзімде жетіліп өсуі үшін бассейндер суды жылыту мен тазартудың автоматты жүйелерімен жарақталған. Технологтардың есебіне сәйкес, 2017 жылы кәсіпорын өндірістік қуатына шығады. Бір жылда мұнда 45 тонна балық еті өңделіп, 2022 жылдан кейін уылдырық өндірісі қолға алынбақ.

РАШИД АЛШЫНБАЕВ, БЕКІРЕ ФЕРМАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Балық етінің өндірісі негізінен жергілікті нарыққа бағытталған, өйткені 45 тонна - соншалықты үлкен көлем емес. Ал уылдырықты бірінші кезекте Ресейге, одан ары Еуропа елдерінің нарықтарына шығаруды көздеп отырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер