Қостанай машина құрастыру зауыты осы жылдың соңына дейін алты мың дана көлік шығаруды көздеп отыр. Бүгінде өндіріс орны көліктердің түрін көбейтіп, өнімдердегі қазақстандық үлесті арттыруға көшті. Біртіндеп сыртқы нарыққа да жол ашыла бастады.

ӘДІЛ ШӘЙКЕМЕЛОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ СЫРЛАУ ЦЕХЫНЫҢ ШЕБЕРІ:

 - Қазіргі кезде біз мемлекеттің қолдауымен жаңа жабдықтар алынып, кез келген шанақты кез-келген түске бояй аламыз. Бұрын мысалы, автокөліктер келгенде боялып келетін. Бұл сол көліктердің құнын жоғарылатады.

Кәсіпорында ұсақтүйінді құрастыру цехы іске қосылғалы дәнекерлеу, сырлау, құрау сияқты жұмыстар өзімізде атқарылады. Бұл шығарылған көліктердегі қазақстандық үлесті арттырды.

СЕРГЕЙ МОГИЛАТОВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мемлекеттің қаржысымен біз технологиялық желілер орнаттық. Нәтижесінде, бүгінде 8 халықаралық бренд бойынша 50-ден астам көлік түрін шығарамыз. Олардағы қазақстандық үлес орта есеппен 33 пайыз, кейбір машиналарға 50 пайызға дейін барады.

Бүгінде автонарықта бәсекелестік жоғары. Әлемдік алпауыттармен иық тірестіру оңай емес. Жас кәсіпорынның халықаралық әріптестерімен бірлесе қимылдауына жергілікті билік те қолдау жасап отыр. Жақында ғана екі бірдей келісім-шартқа қол қойылды.

АЙГҮЛ БАПИНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИИД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бірінші келісім-шарт Қостанай әкімдігі мен өзбекстандық серіктестер арасында жасалды. Ол бойынша газбен жүретін қоғамдық көліктер шығару көзделген. Ал, қытайлықтар мен кәсіпорын арасындағы екінші келісімде, коммерциялық мақсаттағы арнайы көліктерді құрастыру жобаланган. Бұл өнімдер Кедендік одақ пен Орта Азия елдеріне сатылады деп жоспарланып отыр.

Қостанайлық зауыт енді сыртқы нарықта бәсекеге түсуге ынталы. Әзірге Ресейге алғашқы партиялар сынама ретінде жіберілсе, Тәжікстанмен жыл соңына дейін жүз машина сатуға келісім жасалды. Ал, еліміздің автозауыттары алғашғы сегіз айда 1200-ге тарта машина экспорттаған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер