Шетел инвесторлары Қазақстандағы «Арнайы экономикалық аймақтарда» жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Ақтауда өткен халықаралық форумда Еуропа және Араб елдерінің іскер азаматтары елімізде бірқатар кәсіпорын ашатындарын мәлімдеді. Алғаш рет ұйымдастырылған алқалы жиынға 12 елдің инвесторлары қатысты. Оларға арнайы аймақтардың мүмкіндіктері таныстырылды. Бүгінде Қазақстанда 10 экономикалық аймақта 160 инвестициялық жоба сәтті жұмыс істеп тұр. Оның 20 пайызы - шетелдікі. Қазір мұнда 11 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мәселен, «Оңтүстік» экономикалық аймағы тоқыма өнеркәсібіне, Павлодар мен Атыраудағы аймақтар мұнай-химия және химия саласына, ал Ақтаудағы арнайы аймақ мұнайгаз саласы мен құрылысқа қажетті өнім өндіруге маманданған. Түркия, Малайзия, АҚШ сынды елдерден келген меймандар отандық компаниялармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Мұнай сервис, көлік пен логистика саласында 6 бірдей жобаны жүзеге асыруға келісім жасалды.

САРИН КРИСТОНТОН, «ТЕНАРИС» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

- «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында біз мұнай және газ өндіруге қажетті құбыр шығаратын кәсіпорынды іске қостық. Жобаға 40 млн доллар қаржы құйылды. Экономикалық аймақтың инвесторларға ұсынатын мүмкіндіктері өте көп. Сондықтан да алдағы уақытта тағы да тың жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

БІРЖАН ҚАНЕШЕВ, «KAZAKH INVEST» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Экономикалық аймақтардың беріп жатқан жеңілдіктерінің барлығы өте тартымды. Сондықтан көп жобалар келіп жатыр. Сегіз салаға келіп жатыр. Маңғыстау, Атырау өңірлерінің бәрінде үлкен мұнай жобалары іске асырылып жатыр. Соған байланысты жүктерді көтеретін крандар өте сұраныста. Соны шығаратын Еуропаның үздік компаниялары келіп жатыр. Солар бүгін Құрық портына, Ақтау портына қандай қажетті көмектер, қандай жұмыстар жүргізу керек, соның бәрін талқылайды.

Ал Талдықорғанда өткен халықаралық инвестициялық форумға Қытай, Ресей, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея елдерінен 70-ке жуық компанияның өкілдері келген. Талдықорған қаласының әкімдігі мен Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының бұл шараны ұйымдастырудағы мақсаты – қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін және экономикалық даму жоспарын таныстыру. Талдықорған – бүгінде құрылысы қарқынды, кәсіпкерлік саласы өркендеп келе жатқан шаһар. Жыл басынан бері қалада 15 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылған. Жиында инвесторлармен ашық диалог өрбіп, аймақтың индустриялық аймағында салынып жатқан және келешекте бой көтеретін кәсіпорындар туралы кеңінен мәліметтер беріледі. Олардың арасында қазірдің өзінде шетелдік инвесторлардың қолдауына ие болғандары да бар.

ЯН ГУАН ХУА, ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ /ҚХР/:

- Біз Талдықорғандағы ет комбинатының құрылысын жақын арада бастаймыз. Комбинат қазақстандық ет өнімдерін шет мемлекеттерге экспорттайтын болады. Бұл жұмыстар өңірдің мал шаруашылығын дамытуға қарқын береді. Бір сөзбен айтқанда заманауи қондырғылармен жабдықталатын жаңа комбинат ет өнімдерінің 80-ге жуық түрін шығаратын болады. Мұнда 300 адам тұрақты жұмыс істейді.

Алматы облысындағы Жамбыл ауданы басшылығы да 20-ға жуық шетелдік инвесторды шақырып, «Жамбыл Инвест» атты форум өткізді. Жамбыл ауданы негізінен аграрлы аймақ. Сондықтан,мамандар жаңа инвестициялық жобалардың өміршеңдігін осы саладан көреді. Аудан Алматы облысындағы 5 индустриалды аймақ қатарына енген. Соңғы жылдары мұнда шетелдік инвестиция көлемі 30 млрд теңгеге жетті.

ЖАНДАРБЕК ДАЛАБАЕВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- 100 қадамдағы 60,61 бағыттағы ет пен сүт бағытындағы жұмысты қолға алғанбыз. Сүт бағытында шаруа қожалығы 600 басқа арналған сүт фермасын салды. «Мемлекет басшысының қолдауымен инвесторларға қолайлы жағдай туғызу керек. Біздің басты мақсатымыз да осы. Алғашқы инвесторларымыз өз жұмысын бастап, одан оң нәтиже туғызуда.

Қазір ауданда 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтар болсақ, ирандықтардың қаржысына 500 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы салынды. Қазір ет комбинатының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен бірге түркиялық кондитер фабрикасы тұрақты жұмыс істеп тұр. Ауылшарушылығы саласында жергілікті кәсіпкерлердің де үлесі айтарлықтай. Қарақыстақ ауылында 600 бас ірі-қараға арналған тауарлы-сүт фермасы ашылса, Қасымбек ауылындағы тауық фермасысынң өнімдері қазір  сұранысқа ие. 

ДЁРДЬ ТАР, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ВЕНГРИЯНЫҢ БАС КОНСУЛЫ:

- Ел экономикасына инвестиция тарту өте маңызды. Бұл бағытта Қазақстан қолайлы жағдай жасап отыр. Мысалы Венгрияда да шетелдік компаниялардың көмегіне жүгінеді.

Инвестициялық форумда өндірістік жобалардан бөлек туризмді дамыту мәселесі де айтылды. Оған ауданның табиғи жағдайы мен инфрақұрылымы өте қолайлы, дейді шетелдік қонақтар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер