Қазақстан 2021 жылға қарай азық-түлік тауарларының экспортын 40 пайызға көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл ретте Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің үлкен нарығына шығудың маңызы зор. Қазақстанның Сингапурдағы Елшісі Үсен Сүлейменнің айтуынша, әлемде экономикасы ең дамыған мемлекет Қазақ елімен іскерлік байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр. Өйткені Сингапур Қазақстанды Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығатын негізгі сауда қақпасы деп санайды. Қазір өзара еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ал отандық тауар өндірушілер үшін Сингапур сияқты бай мемлекеттің базарына шығатын күн алыс емес. Оған таяуда құрылған «Қазақстан-Азия-Тынық мұхиты сауда-инвестициялық палатасы» кеңірек жол ашқалы тұр. Бас штаб-пәтері Сингапурда орналасқан палата қазақстандық өнімдерді Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттауға көмектеседі. Сонымен қатар шет елдік инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуді көздейді.

ҮСЕН СҮЛЕЙМЕН, ҚР СИНГАПУРДАҒЫ ЕЛШІСІ:

- Қазір Қазақстан мен Сингапур арасындағы келіссөздер аяқталды. Ол келісім инвестиция тарту туралы келісімшaрт. Құдай қаласа осы жылдың аяғына дейін Сингапурда үлкен бизнес форум өтеді. Сол кезде қол қою рәсімі өтеді.

Экологиялық таза, сапасы жоғары қазақстандық тауарлар Еуразиялық Экономикалық одақ елдерінде жоғары сұранысқа ие. Әсіресе, Ресейдің ірі азық-түлік көтерме сауда орталықтары мен ритейлерінің қызығушылығы зор. Тараптардың соңғы кездесуіне қазақстандық компаниялардың атынан "Халық маркасы" бірлестігі қатысты. Мәскеу облысындағы аграрлық кластер аумағындағы республикамыздың ұлттық павильонында 40-қа жуық өндірушінің тауарлары ұсынылды.

СЕРГЕЙ ШУБИН, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ІСКЕРЛІК ОДАҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Ресей Федерациясының өзінен 25 сауда желісінің өкілдері шақырылды. Олар Мәскеуден, Кемер, Муром, Дондағы Ростов, Уфа, Қазан және өзге де қалалардан келген. Кездесу нетворкинг үлгісінде, яғни қатысушыларға бір-бірімен бейресми жағдайда араласуға мүмкіндік беретіндей етіп ұйымдастырылған.

ТАТЬЯНА ШЕВЧЕНКО, ДҮКЕНДЕР ЖЕЛІСІНІҢ САТУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ /РЕСЕЙ/:

- Мысалы, біздің қалада қазақстандық өнімдерден конфеттер жоғары сұранысқа ие. Алайды біздің дүкендер желісінде әзірге жоқ, сол себепті қазақстандық компаниялармен байланыс орнатуға мүдделіміз.

Ал қазақстандық дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтар Грузия нарығына шығарылуы мүмкін. Қазір отандық компаниялар екіжақты келссөздер жүргізіп жатыр. Ең бастысы – Грузия тарапы біздің фармацевтикалық және медициналық өнімдерге үлкен қызығушылық танытып отыр.

Қайта оқу керек өзімізге! СОФО КЕРЕСЕЛИДЗЕ, ГЕМАТОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚАРЖЫ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

- Қазақстандық компанияның өнімдері көңілімізден шықты. Сапасы өте жоғары екен. Менің ойымша бұл дәрілер мен құралдар Батыс елдеріндегі баламаларына бәсекелес бола алады.

ЛЕЙЛА МАХАНОВА, КОМПАНИЯНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

- ТМД елдерінде импорттық дәрі-дәрмектерді тіркеу рәсімі бар. Ол біраз уақытты алады. Ал, Грузияда бұл процесс міндетті емес. Яғни, өз елімізде тіркелгендігі туралы құжат болса жеткілікті. Бұған қоса біздің өнімдердің халықаралық сертификаты бар. Оның өзі сапасына қатысты біраз нәрсені айтады.

Жоғары сападан бөлек қазақстандық өнімнің бағасы көңілге қонымды. Сонымен қатар, таңдау да бар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер