Құрық порты – Еуразия құрлығындағы логистикалық маңызды нысан. Мұндағы паром кешені халықаралық теңіз тасымалы нарығындағы Қазақстанның үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Ірі көлік торабының құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатыр.

МЫРЗАБЕК САҚТАҒАНОВ, «ҚҰРЫҚ ПОРТЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Біз теңіз портына бәсекелес болмаймыз. Ал көлемі аса үлкен емес жүктерді артып-тиеуді Ерсай терминалымен бөлісетін боламыз. Олардың жүктері басқа, жұмысы да басқа.

Құрық паром өткелінің құрылысы басталғалы теңіз түбінен көлемі 730 мың шаршы метр топырақ шығарылған. Кеме тұрағы қазір қолданысқа дайын. Паромдық кешеннің батыс және шығыс бөлігі темір-бетонды құрылымдармен қоршалып жатыр. Сондай-ақ, Құрық портын Қарақия ауданымен жалғайтын 22 шақырымдық жол төселуде.  Жалпы, Қазақстанның екінші қақпасын салуға 186 мамандық бойынша бір мыңнан аса жұмысшы тартылған.

БАУЫРЖАН ОРЫНБАСАРОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Автокөлік өткелі жүк көліктерін ауыстырып-өткізуге мүмкіндік береді. Құрық порты арқылы отандық өнімдер Түркия мен Украинаға тасымалданады. Қазақстанға теңіз арқылы жеткен тауарлар Орталық Азияға таралады. Жалпы паромдық кешеннің автокөлік өткелі жылына 7 млн тоннаға дейін жүк қабылдап-өткізе алады.

ТҰРБЕК СПАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Түпкілікті мақсаты – Ақтөбе жақтан, Ресей федерациясынан келетін жүктерді және Өзбекстан, Орталық Азиядан келетін жүктерді осы Маңғыстау өңірі арқылы осы Құрықтағы Саржа порты арқылы әрі қарай шетелдерге шығару. Парсы шығанағына басқа да көршілес мемлекеттерге осы тауарларды шығару.

Ақтауды Құрық теңіз портымен жалғайтын автожолдың стратегиялық әрі экономикалық маңызы зор. Бұл көлік дәлізі арқылы Ресей, Қытай мен Орталық Азиядан Құрық портына мыңдаған тонна жүк тасымалданып, көрші елдермен тауар айналымның артуына мүмкіндік береді. Жобаға мемлекет қазынасынан 10 млрд теңге бөлінген. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Екі жолақты тас жол жыл соңында пайдалануға беріледі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер