Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 5 млрд. АҚШ долларына жетуі тиіс. Қос елдің көшбасшылары 2017-2020-шы жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасында осындай межені белгілеп отыр. Яғни инвестиция тарту, индустриялық аймақ құру мен бірлескен жобаны іске асыру бағытында ынтымақтастық қарқын алады. Осыған сәйкес, еліміздің Ыстамбұл қаласындағы Бас консулы Еркебұлан Сәпиев «Заманауи Өнеркәсіпшілер» қауымдастығында болып, іскер топ өкілдерімен кездесті. Басқосуда қазақ елінің инвестициялық ахуалы мен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауы кеңінен талқыланды. Мысалы, Қазақстанда іскерлік сапармен болған түрік кәсіпкерлері елімізде өндіріс ашып, табыс табуға жан-жақты жағдай жасалған дейді. Ал «FE Metal» кәсіпорнының басшысы Шүкрі Дженикли тау-кен саласына инвестиция салуға әзір екендігін жеткізді.

ШҮКРІ ДЖЕНИКЛИ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:

 - Қазақстанды таңдау себебіміз зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесінде бұл елдің тау-кен саласы әлемде үшінші орында екенін білдік. Жарты жылда Қазақстанда үш мәрте болып, тиісті келісімдерге қол жеткіздік. Атап айтсақ, қазақ елінің үкіметі бізге өндіріс ашу үшін жер телімі мен шикізат алуға көмек беретінін жеткізді. Қазіргі таңда бизнес жобамыз бекітілді. Енді алдағы күндері құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлап отырмыз.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер