Ұлыбританияда халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған жобаларды сарапқа салған Enactus байқауы өтті. Шараға 36 мемлекеттен келген өкілдер қатысты. Студенттік кәсіпкерліктің, стартап жобалар мен инновациялық идеялардың байқауына Қазақстанның атынан қатысу құқығын Семей қаласының Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті жеңіп алған болатын.

ШЫРЫН ҚҰРМАНБАЕВА, ҚАЗАҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ ЗАҢ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

 - Президентіміз не деген? Бәсекелестікке қабілетті болыңдар деп. Соның бәріне қосып жатқан Қазақстанымызға үлесіміз. Жастарымызға жеңіс қана тілейміз.

Бүгінде семейлік студенттерге әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы инновацияларды зерделеуге, әлемнің түкпір-түкіпірінен келген жастармен тәжірибе алмасуға және ең озық университеттермен байланыс орнатуға ерекше мүмкіндік туды.

АСЛАН ТӨЛЕНОВ, ҚАЗАҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ЗАҢ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Қазір түрлі мәдениет өкілдерінің көрмесі өтіп жатыр. Қазақстан командасы ретінде өз өнерімізді, ұлттық тағамдарымызды 36 елден келген халыққа танытып жатырмыз.

Сондай-ақ, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенттері домбырада күй ойнап, ұлттық би биледі. Көрермендер олардың өнерлеріне тәнті болып, қосыла кетті. Айта кетерлігі, екі жылдан кейін Enactus әлем чемпионаты Қазақстанда да өтуі мүмкін. Қазір шара ұйымдастырушыларымен және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүріп жатыр.

РАИМБЕК БАТАЛОВ, «ENACTUS КAZAKHSTAN» КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз осы мүмкіндікке ие болғымыз келеді. Шараның қалай ұйымдастырылатындығын көру де біз үшін өте маңызды. Сондықтан мұнда тәжірибе жинақтау үшін келдік.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлт өзінің бәсекеге қабілеттілігін дамыта отырып қана жетістікке жете алады делінген. Семейлік студенттер ХХІ ғасыр жастарына қажетті сол қасиеттерден кенде еместігін дәлелдеді. Жарыс қорытындысы бойынша олар жүлделі үшінші орынды қанжығалады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер