Ақтау теңіз портындағы «Ақбидай» терминалы қуатын арттырып, тәулігіне 130 вагон астықты қабылдап-өткізіп жатыр. Өткен тоғыз айда 260 мың тонна бидай Каспий жағалауы елдеріне жөнелтілген. Жыл соңына дейін жалпы көлемі 500 мың тонна астықты көршілес мемлекеттерге теңіз арқылы жіберу жоспарланған. Қазақ бидайы негізінен Иран мен Әзербайжанға экспортталады. Еліміздің теңіз қақпасы «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында солтүстік бағытта 200 шақырымға кеңейгені мәлім. Сәйкесінше порт аумағында қосымша астық терминалы бой көтерді. Заман талабына сай салынған кешенде астық бұзылмай сақталады.

РАФАЭЛЬ ГАЛЯМОВ, «АҚБИДАЙ» АСТЫҚ ТЕРМИНАЛЫ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Ауылшаруашылығы министрлігі таратқан ақпарға сүйенсек, биылғы жыл толымды көрсеткіштермен аяқталмақ. Диқандар қазірдің өзінде 20 млн тоннадан астам бидайды қамбаларға жинап алды. Егін науқаны әлі де жалғасып жатқаны бізді қуантады. Сәйкесінше шет мемлекеттерге жіберілуі тиіс астықты белгіленген кесте бойынша экспорттайтын боламыз.

Қазақстан аграрлық саланы әртараптандыруға басымдық беруде. Қарағандылық диқандар биыл облыс бойынша бірінші рет мақсары екті. Мамандардың айтуынша, майлы дақылдың бұл түрі аса көп күтімді қажет етпейді жəне құрғақшылыққа төзімді. Айта кету керек, шаруашылық иесі  мақсарыдан бөлек майлы зығыр, ноқат, бұршақ өсірген. Сондай-ақ 8 мың тоннаға жуық кортоп жинап, 25 мың тонна бидайды қамбаға құйды. Қазір тек элиталық тұқым себетін облыстағы ең ірі шаруашылыққа айналып отыр.  Шаруашылық өндірген  дәнді-дақылдың негізгі бөлігін Қытай мен Түркияға экспорттайды.

ГЕОРГИЙ ПРОКОП, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жаздың өте ыстық, жаңбырсыз болғанына қарамастан биыл жаңа технологияның көмегімен мол өнім жинадық. Әмбебап техникамыз бір мезгілде жерді жыртып, тыңайтқыш сеуіп, тұқым себеді. Яғни, жерді қайта-қайта қопсытпаймыз, соның арқасында жердің құнарын, ылғалды сақтап қаламыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер