Индонезия Қазақстанның алтын өндірісіне инвестиция құюға мүдделі. Қазіргі таңда тараптар келіссөз жүргізіп, жыл соңына дейін нақты іске көшуге қамданып жатыр. Бұл жөнінде Индонезияның тәуелсіздік күніне орай осы елдің Астанадағы елшілігінде өткен салтанатты кеште айтылды. Аталмыш мемлекет Оңтүстік Шығыс Азия аумағындағы алтын өндірісі бойынша жетекші мемлекет саналады. Еліміздің кен өндірісін ілгерілетуде бірлескен бастаманың маңызы айтарлықтай жоғары болмақ. Жалпы қос елдің  ынтымақтастығы 1993 жылдан бастау алған. Сол уақыттан арадағы саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынас  жыл санап дамып келеді.

РАХМАТ ПРАМОНО, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНДОНЕЗИЯ ЕЛШІСІ:

 - Индонезия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің қатарында. Келер жылы ынтымақтастығымызға 25 жыл толады. Қос мемлекеттің басты ұқсастығы - көп ұлттылығында. Сіздердегі 130-дан астам біздегі 150- ге тарта ұлыстың  бірлігі жарасқан. Индонезия да қазба байлықтарына, тау-кен өндірісіне, мұнай мен газға бай ел. Осы және өзге салаларда әріптестік аясын кеңейтудің әлеуеті зор. Қазіргі таңда жүк транзиті мен көлік-логистикасын жандандыру істері қолға алынып жатыр. Себебі елдеріміздің сауда-саттығы жыл сайын дами түсуде.

Биылғы жарты жылдың нәтижесінде  Қазақстан мен  Индонезияның тауар айналымы 60 пайызға ұлғайғанын көрсетіп отыр. Былтырдың қорытындысы бойынша екі жақты алыс-беріс 22 млн долларды құраған. Бұл меже үстіміздегі жылдың 6 айында ғана еңсеріліп, экономикалық әріптестік 24 млн доллардан асып жығылды. Жаңа жылға дейін тауар айналымы еселене түспек. Жалпы 2005 жылдан индонезиялық инвесторлар қазақ экономикасына 216 млн доллар қаржы құйыпты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер