«Астана» халықаралық қаржы орталығына 2025 жылға дейін 40 миллиард доллар инвестиция тартылады. Оған Ислам қаржыландыру жүйесі де зор септігін тигізеді. Оның жаңа орталықтағы үлесі 7-8 миллиард долларды құрайды. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің кеңесшісі Ерлан Байдәулет мәлім етті. Оның айтуынша, ислам банктері аталған жүйеде жаңа технологиялар енгізуді көздеп отыр.

ЕРЛАН БАЙДӘУЛЕТ ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Ислам қаржыландыру ұйымдары жауапкершілігі жағынан жанындағы тұратын халыққа өте пайдалы жұмыс атқарады. Әлемдегі тәжірибеге қараған кезде, араб елдерінде, Африка елдерінде жақсы дамыған. Сондықтан ислам қаржыландыруында онлайн банкинг маңызды болады.

Бюджеті 14 млрд теңге деп бекітілген ұйым 2 айдан соң жұмысын бастайды. Қазір қаржы орталығы орналасатын ЕХРО қалашығының аумағында көрме павильондарын кеңсеге бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірер уақыттан кейін бұл жер брокерлер мен инвесторлардың қайнаған ордасына айналмақ. Ағылшын құқығы үстемдік етеді, инвесторлардың мүддесін тәуелсіз сот қорғайды.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Болашақта ең мықты халықаралық сауда біздің Еуразиялық экономикалық одақта және басқа Азия елдерінде болады. Соның ішінде Қытай, Гонконг, Сингапур, Малайзиядан инвестициялар тартуымыз керек.

Орталықта алғаш болып ұлттық компаниялар мен ірі холдингтердің акциялары сатылымға шығарылмақ. Брокерлер сауда-саттықты қыздырып, шетелдіктердің ақшасын Қазақстанға тартуы тиіс. Орталық бірнеше бағытта жұмыс жүргізетін болады. Бұл: капитал нарығы, активтерді басқару, исламдық қаржы, қаржы технологиялары, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару және жасыл қаржы саласы.

САЯСАТ НҰРБЕК, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Жалпақ тілмен айтқанда бәсекенің көкесі енді-енді шығып жатыр. Әр дамыған мемлекет өзінің бір шоғырланған капитал жүйесін көрсеткісі келеді, орнатқысы келеді. Біз өзімізді көрсететін нарыққа келетін болсақ, олар - 5 үлкен нарық. Бірінші Қытай және Оңтүстік Шығыс Азия. Екінші - ТМД елдері, Ресей, өзіміздің Орта Азия. Үшінші - Еуропа. Төртінші - Оңтүстік Америка, Канада мен АҚШ.

Қазақстан қаржы индустриясындағы жаңа технологияларды меңгеруге ниетті. «Астана» халықаралық қаржы орталығы виртуалды ақша тетіктерін де игеруі мүмкін. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер