Алқаптарды әртараптандыру – экспортқа шығудың бірден бір жолы. Мұны Қостанай облысы Фёдоров ауданы диқандарының тәжірибесі көрсетіп отыр. Қазір астықты аймақтағы майлы дақылдардың алтыдан бірі осы ауданда өседі. Органикалық егіншілікке негізделген таза өнім сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие. Жергілікті шаруалар егіс алқаптарын әртараптандыруды 5-6 жыл бұрын қолға алды. Бүгінде майлы дақылдар аумағы мұнда 56 мың гектарға жеткен. Негізінен зығыр өсіреді. Өйткені, бұл дақылдың экономикалық тұрғыдан тиімділігі көп.

МИХАИЛ ЖИГАЛКО, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ФЕДОРОВ АУДАНЫНЫҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Зығырдың тоннасы қазір орташа есеппен 80-85 мың тенге, ал 4-ші сұрыпты бидайдың бағасы 40 мың тенге шамасында. Міне осындай пайдасын білгендіктен көптеген шаруашылықтар әртаптандыруға ден қоя бастаған.

Ауданда 7 шаруашылық халықаралық органикалық егіншілік сертификатын алған. Өнімі сапалы. Сондықтан да майлы дақылдардың дені Еуропа елдеріне жіберіледі. Қалған бөлігі жергілікті жерде өңделеді. Қазір ауданда 3 бірдей өсімдік майын өндіретін зауыт жұмыс істесе, енді төртінші кәсіпорын салынып жатыр. Өнім сапасы, технологиясы халықаралық сертификаттау орталығының ұдайы назарында.

СЕРГЕЙ БОНДАРЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРТИФИКАТТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ /УКРАИНА/:

 - Еуроодақ стандарттары синтетикалық тыңайтқыштар, гербицидтер қолдануға тыйым салынады. Міндетті түрде ауыспалы егіс жүйесі жүргізілуі тиіс. Топырақ эрозиясы бақылауда болады. Осындай талаптардан ауытқыса, сертификаттан айырылады.

Зығыр майы өндірілетін мына зауыттың жылдық қуаты 2 мың тонна.

ВЛАДИМИР ЗАВЕРУХА, ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ:

 - Осы жарты жылда 500 тонна зығыр майын өндірдік. 400 тоннасы экспортталды. Басым бөлігі Қытайға кетті. Ал өңделгеннен бөлінген қалдықты мал азығы үшін ресейліктер сатып алды.

Ал мынау кәсіпорында зығырдың сабаны өңделеді. Одан жіп, талшықтар алынады. Қазір технологиялық желі қайтадан жаңғыртылып жатыр.

ЮРИЙ МАЛЫШКО, ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ:

 - Бұрын далада құр өртелетін зығыр сабанын қазір іске жаратып отырмыз. Оның талшығынан жылытқыш материал, марлы, мақта сияқты жүзге жуық өнім алуға болады. Алғашқы сынамалық бөлігін Ресейге жіберіп көріп едік, Челябіден бастап, Мәскеуге дейін сұраныс зор.

Федоровтық диқандар келер жылы майлы дақылдары көлемін тағы 10 мың гектарға ұлғайтуды көздеп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер