Қазақстанда жасалған жабдықтар шет мемлекеттерде сұранысқа ие. Ақтаудағы трансформатор зауыты шетелдік нарыққа шығуға ниетті. 2 млрд теңге инвестор қаражатына салынған өндіріс орны жылына 6 млрд теңгенің тауарын әзірлейді. Басты артықшылығы – электрлі қалқанша жабдықтары мен трансформаторлар жасауға қажет шикізат отандық өндірушілерден жеткізіледі.

ОЛЖАС ЕСІРКЕПОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Өнімнің 96 пайызы қазақстандық үлес. Вакуумды қосқыштар кентау қаласында шығады. Металды біз Теміртау қаласынан аламыз. Микропроцессорлық қорғанышты Алматы қаласынан алдырып отырмыз. Амперметрлер, қосқыштар өзіміздің шығарып жатқан өнімдеріміз.

Қала іргесіндегі зауыт үш жылда қалыптасты. Кернеуі 10-20-35-110 киловольттік трансформаторлар, аралық станциялар мен қосалқы бөлшектерді әзірлейді. Өнімі халықаралық талаптарға сай. Құрылыстың барлық бағытында қолданылады.

ОЛЖАС ЕСІРКЕПОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Түрікменстан нарығын зерттей келе трансформатор зауытының мүлдем жоқтығына көз жеткіздік. Астанасы Ашхабадта бөлімше ашуға дайындық жұмыстарын басталды. Таяу күндері 3 млрд теңгенің өнімін көршілес елге экспорттайтын боламыз.

Шетелдік қондырғылармен жарақтанған өндіріс орны отандық өнімді қысқа мерзімде дайындайды. Кәсібіне жетік мамандар автоматты құрастыру жүйесін басқарып, жасалып жатқан қосалқы бөлшек сапасын бақылап тұр. Отандық электромашина құрастыру саласындағы көшбасшы компанияның батыс аймақтарда бөлімшелер ашуының арқасында еліміздің импортқа тәуелділігі азайған. Ақтаудағы зауыт жыл соңына дейін толық қуатына көшеді. Демек жаңадан 150 жұмыс орны ашылады.

Қарағандыдағы шарлы бекітпелер жасалатын зауыт тауарлары да шетелде сұранысқа ие. Жылына 10 мың дана дайын өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорынның шарлы бекітпелері қатты қысымға төзімді. Жылу мен су тораптары үшін қолданылатын бекітпелер мұнай мен газ нарығына да шыға бастады. Қазір Ресейден тапсырыс алған зауыттың елімізде баламасы жоқ. Бастапқыда 50 түрлі өнім шығарған кәсіпорын қазір оның көлемін 200-ге жеткізіп отыр.

МАТВЕЙ ПИКУРОВ, ЗАУЫТ БАСШЫСЫ:

 - Біздің зауыт қазір мұнай-газ саласына қажетті өнімдерді шығарып жатыр. Сонымен қатар америкалық мұнай мен газ институтымен рұқсатталған өнім сертификациясын алдық. Бұл халықаралық талаптарға сай екендігін білдіреді. Қазір Қазақстан бойынша сату айналымын арттырдық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер