«Астана» халықаралық қаржы орталығы исламдық қаржыландыру саласы бойынша Орталық Азияда көш бастауы әбден мүмкін. Бұл – елордада өткен «Islamic Finance Week» конференциясына жиналған шетел сарапшыларының пікірі. Әлемнің үздік тәжірибесі негізінде құрылатын орталық исламдық қаржыландыру ісіне ден қоюды көздеп отыр. Бүгінде осы және өзге де қаржылық қызметтерді жүзеге асыратын білікті мамандар даярлануда. Алдағы уақытта жылына мың адам арнайы оқудан өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл орайда халықаралық исламдық қаржыландыру ұйымдары өз тарапынан қолдау көрсетуге дайын.

МУШТАБА ХАЛИД, BIBF ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазақстанның Орталық Азия елдерінің бас қаржы орталығына айналуының әлеуеті зор. Қаржылық қызметті халықаралық деңгейге шығару үшін елдегі ресурс жеткілікті. Үздік әлемдік тәжірибеге сүйене құрылған оқу бағдарламасымен қаржылық сауатын ашып жүрген студенттер мен жас мамандар бар. Ең бастысы, үкімет тарапынан осы салаға қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, исламдық қаржыландыру орталықтары бұл бастамаға демеу жасауға әзір. Сондықтан еш тайынбай аймақтағы ең беделді қаржы институтын құру мүмкіндігін қалт жібермеу керек.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы «крипто алқапқа» немесе «крипто айлаққа» айналады. Орталық басқарушыларының айтуынша, әлемде криптовалюталарға сұраныс жоғары. Тіпті АҚШ пен Сингапурда «виртуалды ақша» саналатын бұл қаржы құралын кеңінен қолдану туралы бастама көтерілді. Жалпы, орталық ресми түрде алдағы желтоқсан айында ашылады. Сөйтіп, келер жылы толық қуатта іске қосылады. Кеңсесі ЕХРО қалашығындағы екі павильонға орналасады. Айта кетейік, қаржы орталығында ағылшын құқығына негізделген тәуелсіз сот жұмыс істейтін болады. Шетелдік фемида өкілдерінен құрылатын құрам алдағы уақытта анықталады.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Ағылшын құқығы саласында судья болып жұмыс істеу үшін, 30 жылға дейінгі тәжірибе керек. Қазақстанда ондай адамдарды табу қиын болар. Сондықтан алғашқы 5-10 жыл бойы судьяларды шетелден шақыртатын боламыз. Бірақ, Таяу Шығыс мемлекетіндегі қаржы орталықтары секілді барлық мамандарды өзге елден әкелгіміз келмейді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған немесе "Назарбаев университеті" сынды жоғары оқу орнының түлектерін жұмысқа аламыз. Сондықтан оларды тәжірибеден өткізуді көздеп отырмыз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер