Астана халықаралық қаржы орталығы 2018 жылдың қаңтарынан жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Сингапурда таныстырылым өткізген АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов мәлімдеді. Сингапур 90-жылдардың басында-ақ әлем қаржысын тартуда көп елді басып озды. Сол жетістігінен әлі тайған емес. Қазір ЖІӨ 12 пайызы қаржы саласының үлесінде. Мұнда 200 мыңнан астам қаржыгер жұмыс істейді, оның басым бөлігі – шетелдіктер. Қазақстан Сингапурдың осы жетістігіне жете ала ма? Сантош Кумардың айтуынша, еліміздің «Сингапур ғажайыбын» қайталауға мүмкіндігі бар.

 

САНТОШ КУМАР, СИНГАПУР БАСПАСӨЗ-КЛУБЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ХАТШЫСЫ:

 - Мен Қазақстанда алғаш рет болған уақытпен салыстырғанда қазір елдеріңіз өте қарқынды дамып келеді. Бүгін біз АХҚО сингапурлық бизнес өкілдеріне ұсынып отырған көптеген мүмкіндіктермен таныстық. Қазақстанға барып жұмыс істеуге өте қолайлы жағдай бар. Үлкен реформалар жасалыпты. Инвестициялық климат жайлы, алдағы 20 жылда Қазақстан Сингапур сияқты қаржылық хабқа айналады деп ойлаймын.

 

Еуразия жүрегіндегі жаңа мүмкіндіктерге қызығушылық танытқан Сингапурлық кәсіпкерлер «Астана» қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовпен кезігіп, бизнес карта алмасуға асық. Бұл орталықтың таныстырылымы өткеннен кейінгі көрініс. Әлемдегі ең үлкен қаржылық хабтың іскер тобы өзіне тиімді мүмкіндікті мүлт жібермейді. Өйткені Еуразия аумағында бұрын соңды мұндай орталық болмаған.

 

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Жаңа жылға дейін біз Қазақстанға қызығушылық танып отырған қаржы орталықтарын аралап шығамыз. Алдымен АХҚО негізгі серіктесі Лондонға барамыз. Және Нью-Йорк, Сингапур, Гонконг және Қытайдағы бірнеше қаржы орталығы да бар. Сондай-ақ, Бейжің, Шанхай, Шэньчжэн де түрлі бағыт бойынша бізбен жұмыс істеуге дайын. Мәселен, нарық капиталын дамыту және технологиялық индустрия. Ал Таяу Шығыс елдері исламдық қаржыландыру жүйесіне қызығушылық танытуда.

 

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Стратегиялық маңызды жоба 20 жылға жоспарланған. Алғашқы бес жылда Орталық Азияда аймақтық қаржы қызметін көрсететін орталық құрылады. Келешекте оны Азиядағы ең дамыған қаржы орталығына айналдыру көзделген.

 

МАЙКЛ ТЭЙ, ЛИ КУАН Ю АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСИ МЕКТЕБІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Екі жыл бұрын Астанадағы конференцияға қатысып, қаржы орталығын құру туралы, оның ағылшындық заңымен жүретінін талқыладық. Қазір сол бастаманың нақты жүзеге асқанын көріп таңданып тұрмын.

 

«Астана» қаржы орталығы Еуразиялық экономикалық аймақ пен Орталық Азиядағы үлкен нарыққа шығуға мүдделі компанияларға тиімді. Оның үстіне «Нұрлы жол» мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы тығыз байланысты. Сондықтан «Астана» орталығын стратегиялық жобаның қаржылық хабы ретінде де қарастырып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер