Ғылым, технологиялар және инновация – әлем алдында тұрған мәселелердің шешімін табудың бірден-бір жолы, дейді Ислам даму банкінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджар. Ол Астанадағы Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне қатысты. Халықаралық қаржы ұйымы ғылым, технологиялар және инновация жөніндегі қор құруды көздеп отыр.

 

БАНДАР БЕН МҰХАММАД ХАДЖАР, ИСЛАМ ДАМУ БАНКІ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитті өткізгені үшін алғыс айтамын. Айқын мақсаттар қойылып, салалық бағдарламалар әзірленсе, ғылым мен технологиялар экономиканың дамуына тың серпін береді деп есептейміз. Қордың құрылуымен Ислам даму банкі ғылыми-технологиялық  сектордың дамуына көңіл бөлмек. Қор қапиталы – 500 млн доллар. Соның 100 млн долларын Ислам даму банкі бөліп отыр.

Қазақстан мен Ислам даму банкі арасында берік іскерлік байланыс орнаған. Қаржы ұйымына мүше болғалы еліміздің экономикасына 2,28 млрд доллар тартылды. Сондай-ақ, Ислам даму банкі еліміздің бірнеше бастамасына қолдау көрсетіп келеді.

 

БАНДАР БЕН МҰХАММАД ХАДЖАР, ИСЛАМ ДАМУ БАНКІ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Ислам даму банкі Қазақстанның Ислам инфрақұрылымының интеграциясы жобасын, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымды және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы бастамасын қолдайды. Сонымен қатар, ауылшаруашылық және энергетика саласы, жерді суару жүйесін қалпына келтіру ісі бойынша жобаларды қолға алдық. Қазан айында делегация жіберіп, серіктестігімізді  кеңейтудің жолдарын қарастырамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер