Түрік инвесторлары Қазақстанда 590 млн долларлық 9 жобаны іске асырмақ. Олар Астанада өткен кездесу барысында «Kazakh Invest» -пен осындай келісімдерге қол қойды. «Çalik Holding», «Аgrobest Group» және «Yildizlar SSS Holding» сынды түрік компаниялары бірнеше салада жобалар жүзеге асырмақ. Олар Қазақстан аумағында қыш тақтайша зауытын, газ-электр станциясын, кальций қосылған сода зауытын, гербицид өндірісі, ойын-сауық орталықтары секілді бірқатар жобаны қолға алуды жоспарлап отыр.

 

СЕБАХАТТИН ЙЫЛДЫЗ, «YILDIZLAR SSS HOLDING» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстанда біз 3 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қыш тақтайшалар, қуаттылығы 270 мегаватт болатын газ электр станасасы және пайдалы қазбаларды барлау. Барлығы 350 млн долллар инвестиция бағыттауды жоспарлаудамыз. Құжаттарды ресімдеу ісі аяқтала салысымен қажетті құрылғыларды әкеліп, жобаны іске асыра бастауға дайынбыз.

 

ЖАНДОС ОРАЗАЛИЕВ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мұндай келісімге келу үшін біраз жұмыстар атқарылды. Түркияға бардық, өзімізде де жұмыс жасалынды Әр жобаның өзінің орындалу мерзімі болады. Орындалу орындары келісілді. Түрік инвесторларының елімізге келіп, ұжымдарын құру, құрылыс жұмыстарын жүргізу жұмыстары 3 жылдан 5 жылға дейінгі уақытты алады. Кейбір жобалар 1-2 жылда жүзеге асырылады.

 

«Барлық жобалар Қазақстан нарығын қамтып қана қоймай, экспортқа шығарылмақ», -дейді «Kazakh Invest»-тегілер. Қазіргі таңда қазақ-түрік инвестициялық бастамаларының жалпы пакетіне 70 жоба енген. Олардың құны 2,7 млрд долларды құрап отыр. 70-тің 31-і – іске асырылып үлгерген жобалар.

 

ҚАЗАҚСТАН МЕН ПОЛЬША ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Ал Польша іскерлік қауымдастығының қатысуымен Қазақстанда 100-ден артық жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі - аса ауыр онкологиялық ауруларға дауа болатын күрделі дәрі-дәрмектер өндірісі. Шымкенттегі фармацевтикалық зауытта шетелдік инвесторлардың қолдауымен жаңа желі іске қосылмақ. Айта кетейік, отандық кәсіпорын 2011 жылы әлемдегі ең үздік Polpharma халықаралық тобының құрамына енген. Сол уақыттан дәрілік заттарды өндіретін польшалық компания елімізге 120 млн доллар инвестиция құйыпты. Заманауи қондырғылармен жабдықталған өндіріс ошағы ампула мен құтыдағы дәрі-дәрмектің 200-ден астам түрін шығарады. Нәтижесінде зауыт қазіргі таңда ішкі нарықта тегін таратылатын дәрі-дәрмектің үштен бір бөлігін қамтамасыз етуде. Жергілікті антибиотиктер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Болгария елдеріндеде науқастардың түрлі дертіне шипа болуда.

 

ЕЖИ СТАРАК, POLPHARMA ТОБЫ БАҚЫЛАУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Жаңа желіні іске қосуға қатысты барлық келіссөздер жасалып, меймарандумға қол қойылды. Онда халықаралық стандарттарға сай озық үлгідегі ампула мен құтыдағы ұнтақтар шығарылатын болады. Жаңа инвестициялық жобалар бойынша зауыттың өз зертханалық кешені жұмыс істейді. Онда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, озық технологиямен жасалатын жаңа дәрі-дәрмек түрлерін көбейту ісі қолға алынды. Қазақстандық бизнеске жасалып жатқан қамқорлық болашаққа батыл қадамдар жасауға мүмкіндік береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер