Ел аймақтарындағы кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті артып келеді. Мысалы, Қостанай облысы биыл экспорт көлемін 16 пайызға өсірген. Сыртқы саудада дайын өнімдердің үлесі көбейген. Мына диірмен кешенінен шыққан ұнның 99 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Басты бағыттар – Өзбекстан мен Ауғанстан. Үлкен нарықта бәсеке жоғары, сол үшін кәсіпорын сапаға баса мән береді.

 

ДУЛАТ ШАЯХМЕТОВ, ДИІРМЕН КЕШЕНІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазір сол сапасы өседі деп ойлап жатырмын. Күніне 9 вагон шығатын, сол бәрі Ауғанстанға кетеді. 250-260 вагон бір айда шығатын. Соны жіберіп отырмыз.   

 

Қостанай облысы жылына 1 млн тоннадай бидай, 550 мың тонна шамасында ұн экспорттайды. Мұның сыртында 7 мың тоннадай макарон өнімдері бірнеше елге жеткізіледі. Жұмыртқа, кондитер өнімдеріне де шетелдерден сұраныс еселеп артқан. Таяудағы меже – шикізаттық емес экспорттың көлемін 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік жасау.

 

ТАЛҒАТ МАЙШИН, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Облыста 4 кәсіпорынның өз өнімдерін шетел нарығына шығаруға жұмсаған шығындары мемлекет тарапынан өтелді. Сервистік қолдау көрсету шеңберінде, екі кәсіпорынның сауда миссияларына қатысуына жол ашылды. Олардың тауар белгілерін тіркеуге кеткен шығындарының бір парасы қайтарылды.

 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы осы жылдың бес айында 468 миллион АҚШ долларының өнімін шетелге жөнелткен. Өңір тамақ өнеркәсібі, химия, дәрі-дәрмек пен тоқыма бұйымдарын сыртқа шығарып отыр. Шымкенттегі фармацевтика зауыты халықаралық GMP (ДжиЭмПи) стандартына сәйкес келетін дәрі-дәрмек шығарып жатыр. Отандық өнім Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Моңғолияға жеткізіледі. Алда жергілікті өнімді Ресей мен Өзбекстан нарығына шығару жоспарланып отыр.

 

ТАТЬЯНА ДЕНИСОВА, ФАРМАЦЕВТИКА ЗАУЫТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Біз былтыр құны 2,5 миллиард теңгеге 8 миллион дана түрлі дәрі-дәрмек экспорттадық. Оның ішінде балалар дәруменінен бастап асқынған ауруларға қажетті екпелерге дейін бар. Өсім 10-15 пайызға жетті. Зауыттың заманауи технолгиямен жабдықталып, халықаралық сұранысқа сай дәрумендер өндіруге қол жеткізуінің арқасында экспорт әлеуеті де артып отыр.

Өңірде экспорттық бағытта өнім шығаратын жалпы 30 кәсіпорын бар. Әсіресе машина жасау саласының жетістігі жоғары. Жергілікті жерде жасалған су сорғылар мұнай және химия саласының жұмысын біршама жеңілдетті. Ал, Кентау трансформатор зауытында құрастырылған заманауи құрылғылар Орталық Азия елдерімен қатар ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жетеді.

 

ХИКМАТ РАЙЫМБЕКОВ, ОҚО КӘСІПКЕРЛІК, ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

 - 2019 жылға қарай облыстың экспорттық әлеуетін 15 пайызға дейін арттыру міндеті тұр. Сәйкесінше шетелге өз өнімін шығарған кәсіпкерлерге мемлекет шығынының біршама бөлігін қайтарып береді. Міне осының арқасында экспорт көлемі де артады деп ойлаймын.

 

Шымкенттің іргесіндегі көлік-логистикалық аймағында кәсіпорындардың өндірген өнімдерін сақтап, оны діттеген жеріне жеткізіп берк қызметтері көрсетіледі. Бұл Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі халықаралық стандарттарға жауап беретін А және В санаттағы қоймалары бар ең үлкен орталық болмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер