Алдағы 2 жылда шетелдік инвесторлар Қазақстанда 32 жобаны іске асырмақ. Kazakh Invest ұлттық компаниясындағылар олардың жалпы құны 8 жарым млрд доллар болады деп болжауда. Бұдан бөлек, компанияда өңірлердегі жергілікті кәсіпкерлердің жобалары қарастырылады. Kazakh Invest-ке 500-ден астам өтінім түскен. Ішінен инвесторлардың қызығушылығын тудырады деген 130-ы таңдалып отыр. Жобалар экономиканың басым салаларын қамтиды.  Олар шетелдік инвесторларға таныстырылмақ.

 

НҰРСҰЛТАН ЖИЕНБАЕВ, "KAZAKH INVEST" ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз инвесторлар үшін қызықты болатын 6 бағытты белгіледік. Олар бойынша бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Химия, мұнай-химия, ауыл өнеркәсіп кешені, инфрақұрылым, сауда және машина жасау салалары бойынша қарқынды жұмыс жүргізілмек. Инвесторларды жер, қосымша құн салықтарынан босатып, құрылғыларды шекарадан өткізу кезінде кедендік жеңілдіктер жасау жоспарланып отыр.

 

Инвесторларға жасалған мұндай жеңілдіктер әлемге танымал компаниялардың да елімізге бет бұруына жағдай жасады. Мәселен, американдық «Грейс» компаниясы Қазақстанның «Біріккен химиялық компаниясымен» ортақ жобаны қолға алмақ. Ал Павлодардың мұнай өңдеуші кәсіпорны франциялық «Эр Ликидпен» бірге техникалық газ өндіретін жобаны іске асырмақшы. Құны – 200 млн доллар. Немістің «Линдэ Груп» компаниясы мен  «АрселорМиттал» арасында да ұқсас жобаны жүзеге асыру бойынша тиісті келісімдер жасалған. «Пфайзер» және «Хикма» компаниялары да Қазақстанға инвестиция жасап, нарыққа енуді көздеуде. Елдің оңтүстігінде ірі фармацевтикалық кластер құру бойынша жұмыс жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда елімізге 60-тан астам мемлекет азаматтары белгіленген мерзімге визасыз кіре алады. Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Нидерланд, Сингапур, Канада және Чехия солардың қатарында. Бұл өз кезегінде болашақ инвесторлардың елмен танысып, нарықты зерттеуіне  жол ашады. 

 

НҰРСҰЛТАН ЖИЕНБАЕВ, "KAZAKH INVEST" ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Соңғы кездері түркиялық компаниялардың Қазақстанға бағыттаған инвестиция көлемі артып отыр. Көптеген компания реинвестиция жасап, зауыттар ашуда, қуаттылықтарын арттыруда. Біздің мақсат тек жаңа инвесторларға қолдау көрсету ғана емес, бірнеше жылдан бері  елімізде бизнес жүргізіп жатқандарға жасалатын жағдайды да жақсарту. Осы айда «Йылдыз», «Чалык» сынды  5 түрік компаниясымен тиісті келісімдерге қол қойылды. Келісім-шарттардың жалпы құны 500 млн доллар.

 

Түркияда Kazakh Invest-тің өкілдігі жұмыс істейтінін атап өту керек. Бұдан бөлек, АҚШ, Германия, Франция, Қытай және Ресейде де компанияның өкілдіктері бар. Алдағы уақытта Ұлыбритания және Біріккен Араб Әмірліктерінде офис ашу жоспарлануда. Компания өкілдері шетелдік инвесторлармен жүздесіп, мемлекеттік қолдау жөнінде хабардар етеді.  Kazakh Invest - тегілер инвесторларға идеяны дамытудан бастап Қазақстанда өндіріс ашуға дейінгі жолда демеу болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер