Қытайдың Наньнин қаласында ЭКСПО «Қытай – АСЕАН» 14-ші көрмесі басталды. Әдетте тек Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен ғана шектелетін   маңызды шараға Қазақстан арнайы шақыру алды.

Форумға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары бастаған Үкіметтік делегация арнайы барды. Асқар Мамин Қытай Халық Республикасындағы әріптесі Чжан Гаолимен екі жақты кездесу өткізіп, әріптестікті дамыту жайын талқылады. Аталмыш көрме аясында алғашқы Қазақстан-Қытай өңіраралық ынтымақтастық форумы да ұйымдастырылған. Бұл алаңда инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, көлік, өңдеу мен сауда-саттық салалары сөз болып бірқатар меморандумға қол қойылды.

 

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстанның барлық 16 өңірі Қытайдың ірі компаниялары және Провицияларымен іскерлік қатынас орнатқан. Әрине бірлескен жобаларда баршылық. Бүгінгі форум өзекті жайттар бойынша кеңесіп, екіжақты келісімідерді жандандыруға ықпал етеді.

 

Қос елдің өңіраралық ынтымақтастық форумы – Қытайдың провинция, ал Қазақстанның барлық облыс басшылары және ірі кәсіпкерлерінің қатысумен ұйымдасытырылған алғашқы ауқымды шара. Әр аймақтың инвестициялық мүмкіндігі мұнда жеке қаралды. Мәселен қазірдің өзінде 35 үлгідегі жылына 25 мың дана жеңіл көлік шығаратын Қостанайды алайық. Форумда сала мамандары бірлесе жұмыс жасау жөнінде кезекті келісімге қол қойды.

 

У И, КӨЛІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Келісім аясында Қостанайдың көлік өндіру қуатын алдағы бес жылда 60 мың данаға жеткізу көзделген. Қазір жасалынып жатқан үлгілерге қоса Қазақстандық брендті шығаруда жоспарланып отыр. Сондай-ақ электромобилдер өндірісін дамытуға басымдық беріледі.

 

Жиында жалпы құны 1 млрд доллар болатын онға тарта жоба талқыланды. Солардың бірі бұрын Қазақстанда болмаған Қытай кеспесін өндіру кәсіпорны. Дәл осы өнімді жасауға қазақстандық ұн сапасы сәйкес келеді. Аталмыш зауыт алдағы екі жылда салынады.

 

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Кәсіпорын әуелі Астананың маңында тұрғызылады. Себебі инфрақұрылымы жақсы дамыған, тауарды экспорттауға ығайлы орын.  Келешекте ондай зауыттар астық өндіретін Қостанай мен Солтүстік қазақстан облысында да пайда болады. Ол өнімдер негізінен сыртқы нарыққа арналған.

 

Сондай-ақ, алдағы үш айда бірлескен инвестицилық қор құрылатын болды. Ол толықтай Қазақстандық кәсіпорындар жұмысын  қаржыландырумен айналысады.

 

МАҚСАТ ҚАБАШЕВ, KAZAKH INVEST ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Қордың алғашқы кездегі капиталы шамамен 250 млн доллар болады. Қаражат жаңа технологияларды жетілдіру үшін беріледі. Негізгі басымдық элоктрондық сауда мен логистиканы дамыту.

 

Наньнин 6 млн астам тұрғыны бар, инфрақұрылымы барынша жетілген, өндіріс, өңдеу мен сауда-саттық саласы дамыған мегаполис. Міне осындай қалада қазақстандық мамандар тауарларға қоса «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасындағы мүмкіндіктерімізді және саяхаттап қайтуға болатын демалыс орындарымызды да паш етуде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер