Инвестициялық климат ел иігіліне жұмыс істеуі тиіс. Осы ретте Қазақстанда шетел инвесторларына алаңсыз қызмет ету үшін тиісті шаралар қабылданып, қыруар жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде біздегі оңтайлы бизнес климатты әлем елдері мойындап отыр. Елбасының қолдауымен ашылған Шетелдік инвесторлар кеңесі соның айғағы. Ал шет мемлекеттермен ортақ бастамаларды жүйелі жүзеге асуы үшін  арнайы жұмыс топтары құрылып, іскерлер үшін бизнес-форумдар ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Мұндай кездесулер іскерлерге келіссөз жүргізіп, өзара тиімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. Қыркүйек айы басталғалы елордада осындай бірнеше бизнес-форум өтті. Соның бірі – Қазақстан мен Польша кәсіпкерлерінің басқосуына 400-ден астам делегат келді.

 

ЖАЗИРА ЖЫЛҚЫБАЕВА, ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:

 - Польшалық кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Нәтиже де жоқ емес. Келесі аптада екі жақты кездесу болады. Польшалықтар инновациялық технологияларға қызығушылық танытып отыр. Онда қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, өңдеу технологиясы жайы талқылынады. Бизнес форумның берері көп. Біздің негізгі мақсатымыз жобаны қаржыландырып, шетел нарығына шығу.

 

ЕВГЕНИЙ ШУЛЬГИН, ПОЛЯК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Компания 60-жылдардан бері нарықта жұмыс істейді. Біз жеткізетін құрылғыларды әлем бойынша бірнеше компания ғана шығарады. Осы жылдар ішінде қазақстандық кәсіпкерлермен байланыс орнатып үлгердік. Бірлескен жобаларымыз да бар. Болашақта тағы қазақстандық компаниялармен серіктестік орнатуға ниеттіміз.

 

Бүгінде Қазақстанда  поляк бизнесінің қатысуымен 115 кәсіпорын кәсіптен нәсіп тауып отыр.

 

АЯН ЕРЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Екі ел фармацевтика мен ауыл шаруашылығы саласынан бөлек IT, энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру мен мұнай газ және қызмет көрсету саласында серіктес болуына мүмкіндік мол. Шараға Польшадан 250-ге жуық кәсіпкер келді. Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде 1000-ға жуық Польша бизнесмені жұмыс істеп жатыр.

 

Польшаның Орталық Азия елдерімен жасаған жалпы тауар айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Ендігі меже осы көрсеткішті еселей түсу. Осы орайда тараптар әртүрлі салада 24 халықаралық келісімшартқа қол қойды. Мамандар бұл бизнес-форумның нәтижесі мол болатынына сенімді.

Ал италиялық іскерлер Қазақстанда баламалы энергетиканы дамыту жобаларына қаржы құюға ниетті. Екі ел іскерлерінің форумында тараптар саланы дамытуға қатысты негізгі тетіктерді талқылап, ортақ келісімдер жасады. Жалпы, Италияда ішкі қажеттіліктің 25 пайызы баламалы қуат көздері арқылы жабылады. Ал, елімізде бұл көрсеткіш 1 пайыз шамасында.

 

АРМАН ҚАШҚЫНБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢҒЫРТПАЛЫ ЭНЕРГЕТИКА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Елімізде баламалы қуат көздерін дамытуға барлық жағдайлар жасалып жатыр. Ең бастысы негізгі мәселелерді заң тұрғысында реттеп, оған шағын кәсіпкерліктің де қызығушылығын арттырғымыз келеді. Бұл тұрғыда италиялық әріптістерімізден үйренеріміз көп.

 

ИВАН СКАЛЬФАРОТТО, ИТАЛИЯ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бүгінгі бизнес форумға Италияның ірі 30-дан астам компаниясының өкілдері келді. Олар жергілікті әріптестерімен бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастық орнатты. Біз тек Қазақстанға инветиция салып қана қоймай, қазақстандық инвесторларды Италия нарығын да зерттеуге шақырамыз.

 

Италия фармацевтика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы әріптестікті дамытуға мүдделі. Осы күнге дейін аталған мемлекет Қазақстан экономикасына 6 млрд доллар көлемінде қаржы құйыпты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер