Исламдық қаржы – әлемде қарқын алып келе жатқан индустрияның бірі. Мәліметтер бойынша, оның жылдық айналымы 2 трлн доллардан асады.  2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 трлн-ға жетеді деп болжанып отыр. Бүгінде бұл жүйе мұсылман елдерімен шектелмейді, ол әлемді мойындатты десе де болады. Австралия, Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ, Франция мен Жапония елдерінде исламдық қаржыландыру бар.

 

ХУМАЙОН ДАР, ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МАМАНЫ:

 - Исламдық қаржыландыру бірнеше қағидаға негізделген. Біріншіден, пайыздың жоқтығы, екінші ерекшелігі - келісім шарттарының нақтылығында. Исламдық қаржыландыру тек мұсылман елдерінде ғана емес, өзге елдерде де танымал болуда. Мысалы, батыс елдерін айтатын болсақ, Ұлыбритания – ислам банкингін дамытуға өте қолайлы мемлекет. Исламдық қаржыландыруға Еуропаның өзге елдері де қызығушылық танытуда.

 

ТМД елдерінің арасында исламдық қаржыландыруды дамыту жөнінен Қазақстан көш бастап тұр. Операциялық қызметін алдағы қаңтар айында бастайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығының басты басымдықтарының бірі осы исламдық қаржыландыру болмақ.

 

САЯСАТ НҰРБЕК, «АСТАНА» ХҚО БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Астана» халықаралық қаржы орталығының міндеті – өз алаңын пайдалана отырып, исламдық нарықтағы ойыншылар санын арттыру, исламдық қаржыландыру туралы халықты ақпараттандыру, банктерді, сарапшыларды, қорларды тарту үшін жағдай жасау. Бүгінде дәстүрлі қаржы қызметтерінен бас тартып жатқан азаматтар көп. Егер халық тарапынан сұраныс болса, қаржы институттары исламдық қаржыландыру құралдарын ұсынуға дайын болады.

 

Қазақстан исламдық инвестициялар үшін тартымды мемлекет. Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше болып табылатын 56 елдің ішінде бұл көрсеткіш бойынша Қазақ елі бесінші орында тұр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер