Кеден процедураларын автоматтандыру, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қызмет көрсетуді оңтайландыру. Жақында Үкіметте таныстырылған жаңа Кедендік кодекс осыны көздейді. Ол Еуразиялық экономикалық одақ аумағында алыс-беріс пен барыс-келісті оңтайлы түрде жүргізуге бағытталған. Сондай-ақ, кедендік декларация тапсыру ісін толық автоматтандыруды көздейді. Сол арқылы еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуеті артып, сыртқы экономикалық қызметі жақсаруы тиіс.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

- Тауарларды декларациялау және шығару процесі автоматтандырылатын болады. Тәуекелдер болмаған жағдайда ақпараттық жүйе декларациялар бойынша шешімді санаулы минутта қабылдайтын болады. Бұл ретте, декларацияны қараудың жоғарғы мерзімі 1 жұмыс күнінен 4 сағатқа қысқартылды.

Жаңа ережелердің инвесторлар үшін де пайдасы зор. Себебі, олардың декларация тапсырғанға дейін тауарларды шығару мүмкіндігі молая түседі.

АБЫЛАЙ МЫРЗАХМЕТОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Декларацияны электронды түрде тапсыру бизнеске қолайлы мүмкіндік беріп отыр. Енді бірінші қаңтардан бастап барлық кеден процестері автоматты жүйеге көшеді деген сенімдеміз.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жаңа кедендік кодекс қолдану бастамасы осыдан 3 жыл бұрын көтерілді. Осы уақыт аралығында әр мемлекет тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, бизнеске қолайлы орта қалыптастыру мәселесі қызу талқыланды. Мәселен, еліміз осы күнге дейін одақтың атқарушы органына 552 түзету жолдаған. Нәтижесінде, соның 65 пайызы қолдау тауып, қазақстандық тараптың мүддесі ескерілді.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

- Соңғы үш жыл бойы Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕАЭО-ның жаңа Кедендік кодексін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылғаны мәлім. Қазір ратификациялау рәсімінен өткізілуде.                

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

- Жаңа кодекс күшіне енген соң, біз мемлекеттің және бизнестің өзара іс-қимылын жаңа деңгейге шығарамыз және сыртқы экономика оңтайландырылған және реттелген болады деп санаймыз.

Айта кетейік, өзгерістер келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енеді. Және одақ аумағындағы жаңа кедендік кодекспен біркелкі қолданылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер