Қазақстан – инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отырған бірден-бір мемлекет. Инвестициялық ахуалды жетілдіру бағытында шаралар қабылданып, қаржы құюға ниетті іскерлер үшін сенімді жағдай қалыптастыруға көңіл бөлінуде. Бұл мәселе Ұлт жоспарының 23 қадамында жан-жақты айтылып, бүгінде жүйелі жүзеге асып отыр. Сәйкесінше Жоғарғы сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды  қарау үшін инвестициялық алқа құрылған.

АЙГҮЛ ҚЫДЫРБАЕВА, ҚР ЖС МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

- Сот саласында жүргізілген  тыңғылықты  жұмыстардың нәтижесінде  биыл инвесторлар тарапынан  Жоғарғы сотқа арызданғандар болған жоқ. Ол дегеніміз құқықтық даулардың бір ізге түскендігін айғақтайды. Біз инвесторлармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жаңашылдық шетелдіктердің сенімін артырып қана қоймай оларға алаңсыз жұмыс істеуге жағдай жасады. Негізінен инвесторлар энергетика, экологияға қатысты мәселелермен жүгінеді.

Инвесторларды мүлік салығы сынды жеңілдіктермен қатар, заңнамалық тұрғыдағы кепілдіктер де қызықтырады. Ал мұның барлығы жаһандық және ішкі сын қатерлерге жауап ретінде бекітілген құжатта анық айқындалған.

БАХТИЯР БӨЛЕУЛИЕВ ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

- Бұл қадамдардың  бір мақсаты – бұл инвесторлардың Қазақстанға деген сенімділігін арттыру. Егерде осыны инвестициялық сенім артатын болса елімізге қаражат келеді, жұмыс орындары пайда болады, бюджетімізге салық түседі, салық түскеннен кейін қарапайым адамның өмірі жақсарады. Бұл өте пайдалы, бұл өте тиімді.

Ұлт жоспары аясында жоғарғы сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес те құрылған. Бастаманың басты міндеті еліміздің сот саласына өркениеті өрге озған елдердің  теңдесіз тәжірибесін енгізу еді. Кеңестің құрамы 15 сарапшыдан құралған. Оның жетеуі – халықаралық және сегізі – ұлттық сарапшы. Олар Қазақстандағы соттардың әр ісі сапалы әрі нәтижелі болуына атсалысады.

АЙГҮЛ ҚЫДЫРБАЕВА ҚР ЖС МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

- Халықаралық кеңес мүшелерінің мол тәжірибесі біздің механизімді жаңа белеске көтерді. Себебі олардың сот саласындағы тәжірибесі мол. Халықаралық кеңес қазақстандық судьялардың тәуелсіздік кепілін нығайтуға ниетті.

Инвестициялық ахуалды жетілдіру – бес институционалдық реформада белгіленген 100 нақты қадамның бірі ғана. Ал Ұлт жоспарының түпкі мақсаты – дамыған 30 елдің қатарына кіруге негіз қалау.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер