«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық даму мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді. Отандық бизнестің экспортқа бағытталған жобаларын қолдау да бағдарламадағы басым бағыттардың бірі. Мәселен, Оралдағы 3 жыл бұрын ашылған трансформатор құрастыру зауыты өз өнімінің 95 пайызын шет елдерге экспорттап отыр.

ДУЛАТ ҒАБДУАҚИТОВ, ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Көпшілік өнімдеріміз шетелге экспортқа шығып жатыр. Сондықтан, қуанамыз біздің өнімдеріміз шетелде жүргеніне. Қазақстанда жасалған деген өнім болғасын қуаныш, мақтаныш болып саналады. Қуаныштымыз осында жұмыс істеп жатқанымызға.

Зауытта құрғақ трансформаторлар өндірісі жолға қойылған. Түрік инвесторларымен бірлесіп, электр жабдықтарын шығару ісі қолға алынды. Сыртқы елдер нарығының көлемі де ұлғайып келеді. «Мысалы, армениялық компаниямен арадағы 120 миллион теңгенің өнімін өндіру туралы келісім сәтті жүзеге асып жатыр. Мемлекет тарапынан өнімді жарнамалау, экспортталатын тауарды сақтандыру мен алдын ала қаржыландыру сияқты нақты көмек бар»,-дейді кәсіпорын басшылары.

АҚЖОЛ САУРАНБАЕВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

- Мемлекет тарапынан бізге субсидиялар беріледі, гранттар бөлінеді. Соның арқасында біз тауырымызды экспорттап жатырмыз. Қазіргі таңда біз жаңа нарықты іздестіріп жатырмыз. Ол Грузия мемлекеті және Түркіменстан. Сол мақсатта жұмыс жасап жатырмыз қазіргі таңда.

ҚАМБАР ИСМАҒҰЛОВ, БҚО КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

- Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау аясында облысымызда Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасы іске асырылуда. Аталған бағдарлама іске асырылғалы бері 86,8 миллиард теңгеге 723 жоба мақұлданған болатын. Атап айтатын болсақ 2017 жылдың 6 айында «Қазармапром» ЖШС 1 миллиард 300 миллион теңге көлемінде өз өнімін РФ-ға және Орал трансфоматор зауыты 3 миллиард теңге көлемінде өз өнімдерін экспортқа шығарған болатын.

Бұдан бөлек, аймақтағы кәсіпорындар жоғары технологиялы мұнай-газ жабдықтарын, құбырлар мен жиһаздарды, сондай-ақ, шұжық және кондитер өнімдерін экспорттайды. Иран мемлекетіне мың жарым тоннаға тарта қозы етін экспорттау жоспарда. Жуырда ғана осы келісімшарт аясында 18 тонна қозы еті Тегеранға жөнелтілді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер