Отандық автоөнеркәсіп әлеуеті өсіп келеді, дейді сала мамандары. Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағының төрағасы Олег Алферовтың мәліметінше, бірінші жарты жылда елімізде 9 мыңға жуық көлік құрастырылған. Оның ішінде 8 мыңға жуық жеңіл көлік пен 300-ден астам автобус құрастырылды. Қытай, Ресей, Беларусь және Тәжікстан елдеріне экспортталған көлік саны да артты. Шетелдік тұтынушылардың көбі ресейлік, кореялық және қытайлық маркаларға басымдық береді.

Отандық автокөлік өндірісіне өз мамандарымызды дайындау мәселесі де ерекше назарда. Мысалы, Қостанай машина құрастыру зауыты елуден астам отандық және шетелдік оқу орындарымен келісім-шарт жасасып, жастардың дуалдық жүйемен білім алуына қолдау көрсетіп отыр. Кезекті тренингті бұл жолы италиялық серіктес компанияның өкілі өткізуде. Кәсіпорындағы оқыту орталығы осыдан төрт жыл бұрын ашылған болатын. Өйткені, зауытқа соңғы үлгідегі желілердің тілін білетін жұмысшылар қажет болды.

ЛЮДМИЛА ОЛКИНЯН, ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Еңбек нарығында маман тапшылығы сезілгесін жұмысшыларды қайта даярлауға ден қойдық. Оған қосымша қаржы салуға тура келді. Өндіріске қажет жұмыс күшін мектеп қабырғасынан бастап әзірлеу керек.

АЯГӨЗ ТЕМІРОВА, ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

- Мұнда келген студенттер алдымен теориялық білім алады. Сосын оқығанын өндіріс алаңдарында тәжірибемен толықтырады. Көңілмен тоқығанды қолмен істеп үйренудің нәтижесі зор. Бұл - Қазақстандағы дуальды оқыту жүйесін дамытудағы үлкен қадам.

Мамандардың шетелде біліктіліктерін арттыруына да мүмкіндік бар.

АСҚАР АЛШЫМБАЕВ, ЗАУЫТТЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ТЕХНИКА ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Биыл Францияға оқуға бардым. Онда бізді гибридті автобус құрастыруға үйретті. Жинаған білімімнің кәдеге асқаны сол емес пе, қазір осы зауытта құрастырылған автобустар Астанада ЕХРО  көрмесіне келген меймандарды тасып жүр.

Қостанайлық кәсіпорынның білікті жұмысшылары ғылыми қызметкерлермен бірлесе отырып, отандық автөндіріс саласындағы алғашқы оқу-әдістемелік құралдарын өмірге әкелді.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер