Еліміздің ауыл шаруашылығы саласына стратегиялық инвесторларды тарту – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген айқын міндет. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, саланың экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Ел аймақтары ауыл шаруашылық өндірісіне сырттан қаржы тарту бағытында жұмыстар атқаруда. Істің алғашқы жемістері де бар. Мысалы, Түркістанда қымыз бен шұбаттан ұнтақ жасайтын зауыт салынатын болды. Қытайлық тараппен бірлесіп қолға алынған жобаның жалпы құны – 21 миллион АҚШ доллары. Дәрумендік қасиеті бар ұнтақ Қытай, Біріккен Араб әмірлігі мен Еуропа елдеріне экспортталады.

ЖАЗИРА ОЗАТҚЫЗЫ, БІРЛЕСКЕН КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Түркістан бұл түйе шоғырланған аумақтың ортасы болып есептеледі. Яғни жан-жақтан жинауға логистикалық қолайлы. Бастапқы кезде 100 тоннаға жетпейді. Барынша жинаймыз. Ары қарай 1-2 мың бас түйе ұстаймыз. Одан әрі түйе сүтінен косметика, шампун, сабын қосу жоспарда тұр.

Бұл жоба еліміздің агросекторын дамытуға негіз болмақ. Кәсіпорын тәулігіне 100, ал жылына 33 мың тонна сүт өңдеуге қауқарлы.

Ал Павлодар облысында француз инвесторлары сүт өнімдерінің өндірісіне қаржы құйған. Бүгінде заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысы қызу жүріп жатыр. Инвестиция көлемі –1 млн еуро. Мұнда шикізат өңдеуден бастап, дайын өнім шығарудың толық циклы іске қосылады.

АЛЕКСАНДР БАБЕНКО, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ПАВЛОДАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Жоба бойынша заманауи технологиялар қолданылады. Басты мақсат – сауылатын сүт көлемін арттыру. Мәселен, ауданда бір жылда 45 мың тонна сүт алынады. Бұл көрсеткішті арттыру қажет.

Француз компаниясы 2004 жылдан бері Қазақстан нарығына сапалы сүт өнімдерін ұсынуда. Ал сегіз жыл бұрын Павлодар облысында жобаларын табысты жүзеге асырған. Сол уақыттан бері 800 млн теңге инвестицияланды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер