Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалық еткелі бірлестік жаңа даму бағытын алып, аясы кеңейе түсті. Экономист, Брюссельдегі «Vesalius» колледжінің доценті Мунира Аминова осындай пікір айтты. Ол Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының самитін ерекше оқиғаға балайды. Өйткені, ол басқосуда ұйым тарихында алғаш рет бірден екі мемлекет мүше болып қабылданды. Үндістан мен Пәкістан мемлекеттерінің бұл мақсатқа жету жолы ұзақ болды.

 

МУНИРА АМИНОВА, ЭКОНОМИСТ /БЕЛЬГИЯ/:

 - Үндістан және Пәкістан елдерінің қатарға қосылуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы Еуразиядағы еңі ірі ұйымға айналды. Қазір ол әлем халқының жартысына жуығын қамтып, Пәкістан мен Үндістанның әскери және экономикалық күшін өзіне біріктірген аса қуатты ұйым атанды. Сондай-ақ, бұл қадам аталған екі елдің арасында бұрыннан жалғасып келген түсініспеушіліктерді жоюға үлкен сеп болды.

 

Мунира Аминованың айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымына өзге де мемлекеттер мүше болуға мүдделі.  Бүгінде бірқатар елдің ұсынысы қаралып жатыр. Түркия да бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысып бағуда.

 

МУНИРА АМИНОВА, ЭКОНОМИСТ /БЕЛЬГИЯ/:

 - Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты мақсаты – саяси және экономикалық қауіпсіздікті сақтау. Лаңкестік әрекеттерді болдырмай, терроризм мен экстремизмнің алдын алу. Ұйым сондай-ақ, әр елдің ішкі саясатына араласпай, егемендігін, дербестігін сақтап дамуына ықпал жасайды. Ортақ мақсат –  халықтың әл-ауқатын жақсартатын тың жобаларды бірлесіп жүзеге асыру.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер