Инновациялық даму – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында басымдық берілген бағыттың бірі. Инновациялық ізденістер мен ендірмелер дамуды жеделдете алады. Қазақстанда соңғы 2 жылдан бері бұл іс жүйелі жолға қойылды. Ұлт жоспары арқылы тыңнан түрен салған ғалымдарға «Ғылым қоры» АҚ тарапынан гранттық көмек ұсынылады. Мәселен, былтыр отандық өнертапқыштар арасында байқау жарияланып, оған 300-ден аса өтінім түсті.

 

ҚҰРМАНҒАЗЫ ОМАРОВ, ҚР БҒМ «ҒЫЛЫМ ҚОРЫ» АҚ ЖОБАЛАР ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ең белсенділігі жоғары Алматы өңірі бойынша 13 жоба жүзеге асырылуда. Астана өңірінен 6 жоба. Қарағанды өңірінен 5 жоба. Қалған өңірлерден 1-2 жобадан. Әр жобаның гранттық сомасы 300 млн теңгеге дейін. Жүзеге асып жатқан жобалардың ішінде 24 млн теңге, 75 млн теңге жеңіп алған жобалар бар.

 

Былтыр жарияланған байқау нәтижесінде 27 жоба үздік деп танылды. Яғни, өндіріске осынша инновациялық ізденіс енгізіліп, толайым табысқа кенелтті. Астанадағы жарықтандыру құралдарын шығаратын зауыт өкілдері де ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, кәсіп ауқымын кеңейтуге кірісті. Олар нанофосфордан филаментті шамдар жасап, оны ауыл шаруашылығында пайдалануды көздеп отыр.

 

АМАНКЕЛДІ ТАУКЕНОВ, КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Өсімдікке қажетті жарық көлемін анықтап алдық. Яғни, қияр, қызанақ және өзге де көкөніс түрлерін өсіру жолдарын зерделедік. Филаментті шамдар жағылып тұрса, кез келген жылыжайдағы өнімділік шаршы метріне 80 киллограммға дейін ұлғаяды.   

 

Енді бұл жоба жеті мың шаршы метрлік  жылыжай аумағында қолданылады. Нысанды «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында салу көзделіп отыр. 

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» те инновацияға ден қойған кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасын іске қосты. Ол шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып отыр. Ұлттық агенттіктен грант алғандардың бірі – Талдықорған аккумулятор зауыты. 4 жоба бойынша 347 млн теңге көлеміндегі қаржылай көмек зауыттың екінші тынысын ашты. Өнімінің 60% шетке экспортқа шығарады.

 

БАҚЫТГҮЛ КҮДЕРИНОВА, КӘСІПОРЫННЫҢ ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Агенттіктен алған ақшаға инновациялық технологиялар сатып алдық. Соның арқасында өндіріс көлемі артты. Біз бұрын 1 млн. аккумулятор шығаратын болсақ, қазіргі өндіріс қуаты 3 млнға жетті. Бұл қаржы біз үшін үлкен көмек болды. Бүгінде біздің өнім барлық әлемдік стандарттарға жауап береді.

 

Жаңа бағдарламаның көздегені – шеттен озық технологияны Қазақстанға алып келіп, пайдасын көру. Бағдарлама қатысушыларына қойылар басты 3 талап бар.

 

МАРАТ ОМАРОВ, ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ АГЕНТТІКТІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Басты талап – қатысушының индустрия саласында 3 жылдық қызметі болуы тиіс. Екінші талап, қатаң талап, жылдық табыс көлемі ұсынатын жоба құнынан төмен болмауы тиіс. Және үшіншісі – қаржыландырудың тең шарты. Яғни, бұрын 80/20 болса енді 50/50 шартымен жүргізіледі. Грант алушы өз қаржысын да тәуекелге қояды.

 

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ 2011 жылдан бері жалпы сомасы 12 млрд теңгенің 326 жобасын қаржыландырып үлгерді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер