Елордада отандық кәсіпкерлердің «Ұлы дала елі» атты 3-ші форумы өтті. Дәстүрлі шара әдеттегідей Қазақстанда жасалған өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оны шетелдік нарыққа эспорттау мәселелерін қамтыды. Сондай-ақ, басқосуда жеке шаруасының іргесін кеңейтемін деген іскер азаматтар үкімет тарапынан көрсетілетін бизнесті демеудің жаңа тетіктері жайында құлағдар етілді. Тек биылдың жартыжылдығында 5 мыңнан астам кәсіпкер «Даму» қорының қолдауын алған. 81 млрд теңге жаңа кәсіп ашуға беріліпті.

АБАЙ САРҚҰЛОВ, «ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Шілде айында директорлар кеңесі жаңа стратегияны қабылдады. Ең басты мәселе – автоматизацияландыру. Бүкіл көрсетіп жатқан қызметтерімізді біз электронды форматқа көшіреміз. Сонымен қатар микроқаржыландыруға көп көңіл бөлеміз. Шағын кәсіпкерлікпен тығыз жұмыс жасаймыз. Ең басты мақсат осы.

Ал форум аясында ұйымдастырылған отандық өнімдер байқауында еліміздің үздік тауарөндірушілер мен қызмет ұсынушы компаниялары анықталды. Көрмеде барлығы 350-ден астам кәсіпкер төл өнімдерін ұсынды. Олар өңірлік кезеңдерде топ жарғандар. Негізінен Қазақстанда жасалған азық-түлік, киім-кешек, жиһаз, зергерлік бұйымдар, арнайы техникалардың сан түрі қайнат жайды. Дені шетел нарығына танылып үлгерген.

МАҚСАТ ИМАШЕВ, КӘСІПКЕР:

- Ұлттық нақыштағы бейнелі кілем тоқимыз. Қазақстандық өнім. Инвестиция қазақстандық болып табылады, 100 пайыз. Келесі жылы екінші жобамызды іске қосатын болсақ, 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Өнімімізді Қазақстанның ішкі нарығында және кедендік одақ мемлекеттеріне сатып жатырмыз.

Араларынан «Ұлы дала елі» брендіне лайық тауарлар іріктелді. Еліміздің бірегей белгісі қазақстандық үлесі басым әрі сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнімге 4 жыл бойы қолдану мүмкіндігін береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер