Қазақстанда биоэнергия өндіретін зауыт салынады. Оның құрылысына италиялық инвесторлар 50 млн долар қаржы құюға мүдделі. ЕХРО көрмесі аясында «KAZAKH INVEST»  ұлттық компаниясы мен италиялық компания арасында осындай меймарандумға қол қойылды. Тараптар бірлескен жобаны келер жылы іске асырмақ. Бірегей технология өңделген тұрмыстық қалдықтардан қуат көзін алуға мүмкіндік бермек. Келісімге сәйкес, электр жарығының жаңа түрін өндіретін зауыт Астанада бой түзейтін болады.  

 

НҰРСҰЛТАН ЖИЕНБАЕВ «KAZNEX INVEST» ҰК АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз қазір зауыттың орнын анықтауымыз керек. Содан кейін барып басқарушы компаниялармен  келіссөздер жүреді. Ал соңғы жылдары бұл компания 10 жоба жасаған. Қазір соның үшеуімен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да италиялықтарға бірлесіп жұмыс жасауға  болады. Біз сенімді әріптес таптық деп айта аламыз.

 

НОРБЕРТО ЗАНИНИ, ИНВЕСТОР /ИТАЛИЯ/:

 - Қазақстанда инвесторлар үшін жасалып жатқан істер біздің алдымызда мол мүмкіндіктер ашып отыр. Қолайлы жағдайды қалт жібермей, Астанада зауыт ашуды ұйғардық. Біздің қондырғылар қоршаған ортаға кесірін тигізбейді. Сондай-ақ, энергия үнемделеді. Біз салған қаржы 3 жылдың ішінде ақталады деп сенеміз.  

 

Инвестициялар және даму министрлігі мен Сыртқы саясат ведомствосының ақпан айында қол қойған бірлескен іс-шаралар жоспарында экспорттық және инвестициялық бағыттарды өзара байланыстыра отырып жүргізу қарастырылған. Бүгінде қос салаға арнап ұлттық стратегиялар әзірленуде. Экспортқа келетін болсақ, 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспорт түрін 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл орайда металлургия, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аударылмақ. Қазақстандық сарапшылар осы және өзге мақсаттарға жету бойынша өз ой-тұжырымдарымен бөлісті.

 

АЙЖАН МҰҚЫШБАЕВА, САРАПШЫ:

 - Тағам өнеркәсібін алатын болсақ, онда өндірістік қуаттар тек қана 40 пайызға іске қосылған. Сол қуаттарды жаңартатын болсақ, біз жаңа тағам өнеркәсіптерінде қосынды құнды көбейте отырып, жаңа өнімдер алуға, тек қана шикізат емес, қосынды құны жоғары өнімдерді шығаруға мүмкіндігіміз мол.

 

Бүгінде елімізде бір жарым мың экспорттаушы кәсіпорын бар. Бұл бағытты қаржылай қолдауға биыл 15 есе артық қаржы бөлініп отыр. Бүгінде өнімін шетелге шығарған 200 кәсіпкердің жол машаққатына демеу көрсетіліп, шығынның жартысын үкімет өтепті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер