ЕЛОДАНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ

Жыл басынан бері Елорданың экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерінде өсім бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жалпы өңірлік өнім шамамен 2 жарым пайызға артып, 5 трлн теңгеге жетті. Қала бюджетіне қаржы құйып отырған кәсіпорындар мен кәсіпкерлер саны артқан. Мәселен мына кәсіпорынның жұмысы бір сәтке тоқтаған емес. «Ақылды» станоктар күндіз-түні жұмыс істейді. Мамандар мәрмәр тасты техникаға қойып берсе болғаны. Әрі қарай компьютерге қажетті бағдарлама енгізіледі. Ал тасты кесу, қашап ою-өрнек салу жағын машинаның өзі жасайды. Мұндағы жұмыстың бәрі автоматтандырылған.

Зауыт ашылғалы 16 жыл болды. Содан бері компания бас шаһардың сәулетті ғимараттары мен гүлзар бағындағы жұмыстарды атқарып келеді. Мәселен, Нұрлы жол желекжолындағы субұрқақтар көмкерілген мәр-мәр тас – осы кәсіпорынның өнімі.

НҰРЖАН ЖҮСІПБАЕВ, КОМПАНИЯНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

- Жылдан жылға компанияның пайдасы артып келеді. Шамамен 15-30 пайызға өсім бар. Әрине, компания жұмысы нарыққа тікелей тәуелді. Жасыратыны жоқ, әлемдік экономикаға салқынын тигізген дағдарыс біздің кәсіпорынды да айналып өткен жоқ. Бірақ, қол қусырып қарап қалмадық. Түскен әрбір тапсырысты толық орындап , көптің көңілінен шығып жүрміз. Сондықтан болар, кез-келген қиындыққа қарамай 16 жылдан бері жемісті еңбек етіп жатырмыз.

Мемлекет «кәсіптен нәсіп көрем» деушілерге барынша жағдай жасап отыр. Кәсіпорын мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы алды. Ал, жергілікті әкімдік цехты орталық жүйеге қосып берді. Демек, қолынан іс келетіндерге нақты қолдау бар. Осы ретте статистиканы сөйлетсек, өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,2 пайызға артып, 216 млрд теңгені құраған.

ҚЫЗАЙХАН КҮЗЕРБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

- Жалпы өңірлік өнім 2016 жылыдың қорытындысы бойынша шамамен 5 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 2,5 пайызды құрап отыр. Жалпы өңірлік өнімнің республикалық көлемдегі үлесі 11 пайыздан артық. Адам басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 5,5 млн. теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш республика бойынша орташа көрсеткіштен екі есе артық.

Жыл сайын Астана экономикасына салынған қаржы көлемі де көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда жыл басынан бері 265 млрд теңге инвестиция тартылған.

Астана - болашақтың қаласы. Еңсесі биік Елорда – бірнеше жылда бизнестің, мәдениет пен ғылымның ордасына айналары сөзсіз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер