Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері артты. Көптеген мемлекеттер елімізді әлеуеті жоғары маңызды сауда әріптесі ретінде қарастырады. Соңғы жылдары қазақ елімен алыс-берісті күшейткендердің бірі – Әзербайжан, екі арадағы сауда айналымы былтыр 124 миллион доллардан асты. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 пайызға өсіп отыр. Алайда әлемдегі экономикалық ахуал төмендемес бұрын екі жақты сауда 3 есе артық болған. Қазір тараптар бұрынғы ынтымақтастық деңгейіне қайту жолдарын қарастырмақ.

 

РУФАТ МАМЕДОВ ӘЗЕРБАЙЖАННЫҢ ЭКСПОРТТЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біз Қазақстанның бірқатар өңірлерімен экспортты реттеуді жоспарлап отырмыз. Тек ауыл шаруашылғы өнімдерін ғана емес, өнеркәсіптік тауарларды да жібереміз. Қазақстандық өндірушілерді өз елімізге шақырып, бірнеше келісімге қол қойдық.

 

Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2017 жылдың  қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның Әзірбайжанға экспорты жалпы шетелге  жіберілген  тауарлардың 2 жарым пайызын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 пайызға артық. Әзірбайжанның да бұл бағыттағы жетістіктері аз емес. Қазақстан экспорттық тапсырыстар көлемі бойынша көш бастап тұрған 5 елдің қатарына кіреді. Жақында Әзірбайжанға жаңа қазақстандық электровоздар жеткізіле бастайды. Бұл туралы келісім 3 жыл бұрын жасалған.

Айта кетерлігі, Қазақстанда құрастырылған локомотивтер бүгінде шетелде зор сұранысқа ие. Әзербайжан елінен өзге, біздің электровоздарға Беларусь, Тәжікстан, Латвия, Эстония, Монғолия, Грузия мемлекеттері тапсырыс беріп отыр. Жақында дәл осы мәселе Тбилисиде өткен кездесуде талқыланды.

 

БЕРНАРД ПЕЛЛЬ, «ЭЛЕКТРОВОЗ ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫНЫҢ» БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Әріптестермен Қазақстанда құрастырылған локомотивтерді Грузияға тасымалдау жайында сөйлестік. Өздеріңіз білетіндей, олар Астанада орналасқан. Негізгі құрастырушы ретінде бізді таңдауы үшін, қолдан келгенді жасаймыз.

 

МЕЙІРЖАН МАЙКЕНОВ, «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ  БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Локомотивтерді Қазақстаннан тасымалдау жайында кездесуер жүріп жатыр. Бүгін біз осы жобаның коммерциялық және техникалық жақтарын талқыладық. Содан кейін  қаржы мәселесін қарастыратын боламыз. Жалпы, келіссөздер ойдағыдай өтті. Діттеген мақсатымызға жетеміз деп үміттенемін.

 

Қазақстандық локомотивтердің технологиялық артықшылығы – олар қуат үнемдейді әрі вагондарды тарту күші жоғары, сондай-ақ кабиналары барынша жайлы жасалған. Басқару жүйесі толығымен компьютерлік бақылауда. Қозғалтқыш қуаты 4600 аттың күшімен пара-пар. Грузияның алшақ орналасуына байланысты қиындықтар пайда болуы мүмкін. Бірақ осы орайда Қазақстан тарапы тиімді шарттар ұсынбақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер