Индустрияландыру картасы шеңберінде Жамбыл облысының Қаратау қаласында мәрмәр ұнтағын шығаратын зауыт ашылды. Жылдық қуаты 110 мың тонна болатын кәсіпорынның құны – 2 миллиард теңгеге жуық. Мәрмәр ұнтағы химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын өндіру кезінде пайдаланылады. Отандық өнім әзірге ел нарығында сатылады, кейін Кедендік одаққа мүше мемлекеттерге экспортталмақ. Айта кету керек, биыл өңірде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жалпы құны 15,4 миллиард теңге болатын 12 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жоспар толық жүзеге асса, 1 мың 400 жаңа жұмыс орны ашылады.

 

МҰРАТ МЫРЗАҚҰЛОВ, ӨНДІРІС БАСШЫСЫ:

 - Барлығы толықтай автоматтандырылған. Электронды түрде басқарылады. Тың технология сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Қазір зауыттың бірінші желісі жұмыс істеп тұр. Келешекте екіншісін қосатын боламыз. Соның арқасында өнімділікті екі есеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Ал Ақтөбедегі индустриалды аймақта құны 2 жарым млрд теңгені құрайтын көлік-логистикалық орталықтың іргетасы қаланды. Халықаралық стандарттарға сай салынатын орталыққа тікелей темір жол тартылады. 10 мың шаршы метр аумақта жүкті жеткізу, сақтау және тасымалдаудың заманауи қондырғылары орнатылып, желі толықтай автоматтандырылады. Одан бөлек, арнайы аймақта 3Д технологиясымен керамикалық плита және гранит тас шығаратын зауыттың құрылысы басталады. Батыс өңірде баламасы жоқ өндіріс орны тәулік бойы жұмыс істеп, жылына 5 млн текше метр өнім шығаруды жоспарлап отыр.

 

БАҚЫТЖАН ТҰРСЫНХАНОВ, «АҚТӨБЕ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Индустриалды аймақта осы инвесторлардің келуіне байланысты, осыларға жақсы жағдайлар жасалған. Оларға ауыз су, тех су болсын, газ, теміржол, автокөлік жолдары қолайлы қылып, мысалы, беріліп жатқан свет өте арзан, 1 кВ сағатына 10 теңге болса, газ құны 12 теңге, су бағасы 260 теңге. Міне, осындай жеңілдіктер бар.

 

Жалпы, «Ақтөбе» индустриалды аймағында құны 72 млрд теңгені құрайтын 12 жоба бар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер