Халықаралық деңгейдегі, заманауи, жоғары жылдамдықты автокөлік жолдары. Шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті жақындатып, мыңдаған шақырым жол салынып жатыр. Бастаманың негізгі драйвері – «Нұрлы жол» бағдарламасы. Биыл оның аясында ұзақтығы 4 мың 4 жүз шақырым болатын 22 автожол салынбақ.

Жолдар транзиттік әлеуетті арттырып қана қоймай, ел бюджетіне кіріс кіргізуі тиіс. Сондықтан жыл соңына қарай бірқатар трассада ақылы жүйені қосу жоспарланып отыр.

 

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Республикалық маңызы бар трассаларда 6,5 мың шақырым жолды ақалы қылу көзделуде. Биылғы жылдың алғашқы жартысында Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай жолдарында төлем бекеттерінің құрылысы басталды. Екінші жартыжылдықта Алматы-Қорғас трассасында да бұндай жүйе орнатылады. Желтоқсан айынан бастап, аталмыш бағыттар бойынша ақы алына бастайды.

 

Ғасыр жобасына баланған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі еліміздің транзиттік әлеуеттін едәуір күшейтті. Бұл жолмен қазір тәулігіне 13 млн тонна тауар тасымалданады. 2020 жылға бұл көрсеткішті үш есе арттыру жоспарда. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі Шығыс пен Батысты жалғайтын 40 күндік теңіз жолын 4 есе қысқартты.

 

ИГОРЬ МАКАРЧУК, ЖҮК КӨЛІГІН ЖҮРГІЗУШІ:

 - Бұрын 15 күн жүретін жолымыз 2 есеге дейін қысқарды. Жол бойындағы кемпингтер де көбейді. Тіпті Еуропаның жолдарынан артық болмаса кем емес.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізі 8445 шақырымды құрауы тиіс. Оның 2787 шақырымы біздің елдің 5 өңірін бойлай өтіп жатыр. Қызылорда облысындағы бөлігі 99% дайын. Жолдың бойында 48 көпір, 14 жол айырығы салынды. Осы уақыт бедерінде аймақта 40 асфальт-бетон зауыты пайда болып, мыңдаған адам жұмысқа орналасты. Оған қоса облыстың инвестициялық тартымдылығы артып отыр.

 

ЕВГЕНИЙ КИМ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы аясында облысқа 9 млрд. теңгедей инвестиция тартылды. Одан бөлек күре жол бойындағы көлік қозғалысы да жандана түсті. Мәселен өткен жылы тәулігіне 3 мың автөкөлік жүрсе, биыл оның саны 5 мыңға жетті.

 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында алып құрылыстың 95 пайызы аяқталды. Еліміздегі бірінші автотоннель де осы өңірде салынып жатыр. Жол қатынасының жақсаруы оңтүстіктегі туризмнің дамуына сеп болды. Осы ретте аймақта халықаралық талапқа сай 21 демалыс орны салынбақ. Халықаралық дәліздің Ақтөбе облысындағы бөлігі 2013 жылы толық пайдалануға берілген болатын. Содан бері сапалы жолмен жүйіткіген көліктер саны да 3 есеге дейін артып отыр.Сала мамандары 2020 жылға қарай тек «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізі арқылы жүк айналымы шамамен 33 млн тоннаға жетеді деп болжам жасап отыр. Бүгінде транзиттік жолы бар елдер жылына 1 трлн доллар көлемінде табыс табатынын ескерсек, жүк тасымалындағы біздің елдің келешегі кемел деуге негіз бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер